«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ұйғыр ауданы Қалжат ауылдық округінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейд жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау.
Рейд барысында жауапты мамандар жасөспірімдерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірді. Оларға жолдан дұрыс өту, көлік қозғалысына мұқият болу, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі айтылды. Бұл ережелерді сақтау әр адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектесетінін атап өтті.
Сонымен қатар, мопед пен мотоциклді басқару кезінде заң талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударып, көлік құралдарын рұқсатсыз басқаруға болмайтыны, арнайы құжаттардың қажеттігі және қауіпсіздік құралдарын қолдану міндетті екені қтаң ескертілді.
Қалжат ауылдық округінің бас маманы Нұрлан Таиров ауыл азаматтарына жол қауіпсіздігі баршаға ортақ мәселе екенін, әсіресе, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айта келіп, осындай рейдтік жұмыстар арқылы жастарға дұрыс бағыт беріп, олардың жауапкершілігін арттыруды көзделетінін де екшеп түсіндірді. Әр ойланбай істелеген істің артынды зор жауапкершілік тұратынын да айтты. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер үшін ата-ана жауапты екенін де ескерте кетті.
Мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдердің тәртіпке бағынуын қалыптастырып, жолдағы қауіпсіздікті сақтауға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.


