Жуырда Ұйғыр ауданы Тиірмен ауылында «Заң мен тәртіп» бағыты аясында жастарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны учаскелік полиция инспекторы және Тиірмен ауылдық округі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Г. Абдримова ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға заңның маңызын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдағы тәртіпті сақтауға шақыру болды. Шара барысында қатысушыларға заң қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі екені кеңінен түсіндірілді.
Мамандар заң адамдардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтынын, сондай-ақ қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі құрал екенін атап өтті. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс екені айтылды.
Сонымен қатар, тәртіп бар жерде әділдік пен тыныштық орнайтыны, адамдар арасында өзара сыйластық қалыптасатыны түсіндірілді. Заңды құрметтеу елдің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және құқықтық мемлекеттің нығаюына әсер ететіні де ерекше атап өтілді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы


