Адамның ең үлкен байлығы – оның адал еңбегі, соңында қалдырған өнегесі мен ұрпағына берген тәрбиесі. Өмір жолын мағыналы өткізіп, айналасына мейірім мен жылулық сыйлай білген жандардың ғұмыры әрдайым құрметке лайық. Осындай абзал жандардың бірі – мерейлі 70 жасқа толып отырған Алмагүл Байжомартова. Ол Жамбыл ауданының Балғабек Қыдырбекұлы ауылында тұрады. Жетпіс жас – адамның өмір жолындағы үлкен белес. Бұл – өткенге көз жүгіртіп, атқарған істерді саралайтын, кейінгі ұрпаққа өнеге беретін кезең. Алмагүл Әбдірәсілқызының өмір жолына үңілсек, оның әрбір жылы адал еңбекпен, отбасы бақытымен, елге қызмет етумен және адамдық асыл қасиеттермен өрілгенін көреміз.
Балдәурен
Ол Алматы қаласының өр жағындағы Таулы Қырат ауылында 1956 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келді. Гүлжәмилә әжесінің өнегесін көріп, балалық шағы туған қаланың көркем көшесінде өтті. Бірақ бастауыш мектепті Жамбыл ауданындағы сол кездегі Таран, қазіргі Балғабек Қыдырбекұлы ауылында оқыды. Өйткені тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздың туған ата-анасы ертерек қайтыс болып, ағайындарының қолында өсті. Ол атасы мен апасы сол ауылда тұратын. Білімге деген құштарлығы ерте оянған бүлдіршін 4-сыныптан кейін Алматы қаласындағы №12 мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және қарапайым мінезімен ерекшеленді.
Мектепті 1973 жылы бітірген соң өмір жолын медицина саласымен байланыстырып, еңбек жолын қалалық №3 сәбилер үйінде медбике болып бастады. Адам денсаулығы – ең қымбат қазына екенін жақсы түсінген ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, дүниеге келген әрбір нәрестеге мейірімін төкті. Медицина қызметкері болу тек білімді ғана емес, жүрек жылуын да қажет ететінін сезінді. Бойындағы осы қасиеттер оны әріптестері мен жұртшылық арасында сыйлы етті. Үлкен өмірге құштар жігерлі жастың білімге ұмтылысы оны әу бастан Шет тілдері институтына жетелеген болатын. Алайда екі жыл қатарынан қабылдау емтиханынан жолы болмағаннан кейін денсаулық сақтау саласындағы жұмысын жалғастыра берген. Екі жылдан соң үлкен ата-анасының қолына барып, сол кезде ауылда жаңадан ашылған «Таран құс» фабрикасында қарапайым жұмысшы болып еңбек етті.
Адамгершілік асқарында
Тағдыр жолы Алмагүл Байжомартованы 1980 жылы білім саласына алып келді. Мектепте іс жүргізуші қызметіне қабылданған кезде мұндай маман бұрын онда болмапты. Сондықтан барлық құжат айналымын жаңадан қалыптастырып, бір жүйеге келтіру оңай болған жоқ. Бірақ ол қиындықтан қашпай, әр қағаздың өз орнында сақталуын қамтамасыз етіп, мектеп құжаттарын заман талабына сай ретке келтірді. Мектептің сол кездегі директоры Ислам Бейсебайұлы оны аудан орталығындағы сол кездегі М.Ломоносов, қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы мектепте іс-қағаздар қалай жүргізілетінін үйреніп келуге жібереді. Өзіндік қыр-сыры бар бұл жұмысты талапты жас аз күнде меңгерді. Ұқыптылығы мен жауапкершілігінің арқасында бұл қызметтің дұрыс ұйымдастырылуына үлкен үлес қосты.
Одан кейін мектепте физика, химия кабинетінде зертханашы болып 28 жыл бойы еңбек етті. Бұл қызмет те үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Оқушылардың қауіпсіздігі, оқу құралдарының сақталуы, зертханалық жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуы – барлығы лаборанттың мұқияттылығына байланысты. Алмагүл апай өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқарып, ұжымның сеніміне ие болды. Мұны пән кабинетінің жұмысын тексеріп келушілер үнемі байқап, сан рет атап өткен.
Осы уақыт аралығында ауыл мектебінде көп өзгеріс болғанына куә. Тек қана орыс тілінде оқытатын мектепте 1989 жылдан қазақ сыныптары ашыла бастады. Тәуелсіздік алғаннан кейін шеттен қандастар көшіп келіп, елге ел қосылып жатты. Іс-қағаздарын жүргізу де біртіндеп қазақ тіліне көшірілді. Өзі бұл мектепте еңбек еткен жылдары алты директор ауысыпты. Әр басшының жұмыс стилі, талаптары әртүрлі болғанымен, Алмагүл апай олардың барлығымен тіл табысып, өз міндетін заман ағымына сай адал атқарды. Бұл оның кәсіби шеберлігін, сабырлылығын және адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білетіндігін көрсетеді.
Өмір жолында талай қиындықтар кездескенімен, ол мойыған жоқ. Барлық сынақты сабырмен қарсы алып, адал еңбегімен жеңіп отырды. Сондықтан оның ғұмыры – кейінгі жастар үшін өнеге. 2009 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, еңбекпен қалыптасқан өмір салтын өзгерткен жоқ. Қарап отырмай, бір іспен шұғылдану – қашанғы әдеті.
Қарапайым еңбек адамы Алмагүл Әбдірәсілқызы ешқашан атақ пен марапат алуды мақсат еткен емес. Оның ең үлкен марапаты – елдің алғысы, әріптестерінің құрметі және отбасының бақыты болды. Адамның абыройын қызметі емес, адамгершілігі мен еңбегі айқындайды. Сонымен бірге ол ешқашан өзін өзгеден жоғары қойған емес. Қай ортада жүрсе де сыйластық пен татулықты бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда Алмагүл Байжомартованың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі.
Асыл азамат
Алмагүл әпкеміздің өміріндегі ең үлкен жетістік – берекелі отбасы. Өмірлік жары Сансызбай ағамен бірге ұзақ жыл бойы бір шаңырақтың түтінін түтетіп, үлгілі отбасының иесі атанды. Сондықтан Алмагүл апайдың өмір жолын оның өмірлік жарынан бөліп қарау мүмкін емес. Сансызбай Әбдірайымов – ауылда басқарушы болып еңбек етіп, елдің сеніміне ие болған азамат. Екеуі бір-біріне тірек болып, барлық қиындықты бірге еңсерді. Бірін-бірі толықтырып, тағдырдың талай белесінен бірге өткен, елге сыйлы отбасы ретінде танылған жандар. Сансызбай Жұмақанұлы ширек ғасырға жуық ауылда шаруашылық басқарушысы қызметін атқарып, туған елінің өсіп-өркендеуіне адал еңбек сіңірді. Ол қай қызметте жүрсе де, ең алдымен адамдық қасиетті бәрінен жоғары қоятын азамат болды. Ел ішінде жомарттығымен, кеңпейілдігімен, қолының ашықтығымен ерекшеленген.
Ауылға алыстан көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделуі оңай болмаған кезеңде Сансызбай Әбдірайымов олардың ешқайсысын тағдыр тәлкегіне қалдырған емес. Баспанасы жоқтарға өз үйінің есігін айқара ашып, уақытша болса да паналатты. Үйсіз-күйсіз жүрген талай адам да осы шаңырақтан жылулық тапты. Сансызбай аға үшін «бөтен адам» деген ұғым болған емес. Жолда кездескен мұқтаж жанды үйіне ертіп келіп, дастарқанынан дәм татқызып, құжаттарын реттестіріп, қолынан келген көмегін көрсететін. Үйіне 20 адамды тіркеуге тұрғызған кездері де болыпты. Біразына өкіл әке болған. Оның кең дастарқаны мен ақ пейілі талай жанның жүрегінде мәңгі сақталды. Бұдан төрт жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанғанда жан-жақтан талай адам «әкелеп» келіп, жоқтаған.
– Әкеміз ешкімді бөліп-жармай, қолынан келген көмегін аямайтын. Үйден қонақ үзілмейтіні, бөтен адамдардың үйімізде айлап-жылдап тұратыны біз үшін қалыпты жағдайға айналып кеткен. Арасында кезінде түрлі салада қызмет атқарған, білімді, зиялылар да болды. Кейбірі тіпті біздің үй тапсырмасына берілген сабағымызға көмектесетін, – дейді кіші қызы Гүлмира. Асыл азаматтың кең шаңырағын паналағандар осылайша тәлім-тәрбиеге де үлес қосып, өз кезегінде сол қамқорлықтың өтеуін адал еңбегімен қайтаруға ниеттеніпті.
Осындай кеңпейіл адамның жан жары болу да үлкен сабыр мен парасатты талап етеді. Алмагүл апай өмірлік жарының бұл қасиеттерін әрдайым түсіністікпен қабылдады. Үйінен адам қарасы үзілмейтін. Аяқ астынан келген қонаққа қабақ шытпай, барын дастарқанға қойып, табалдырықтан аттаған жанды құрметпен қарсы алатын. Оның бойындағы қазақ әйеліне тән қонақжайлылық, төзімділік, сабырлылық пен кең жүректілік осы шаңырақтың берекесін арттыра түсті. Берік отбасының сыры да осында болса керек. Бірі – елге қамқор асыл азамат болса, екіншісі – азаматының сенімді тірегі, шаңырақтың ұйытқысы. Екеуі өмір бойы адамға жақсылық жасауды, мұқтажға қолұшын созуды өздеріне парыз санады.
Берекелі отбасының берік ұстанымы
Берекелі шаңырақта өскен төрт қыз бен бір ұл ата-анасының тәлім-тәрбиесін бойларына барынша сіңіргені анық. Ата-анасы олардың барлығына жоғары білім беріп, елге пайдалы адам етіп тәрбиеледі. Өнегелі отбасының балалары өмірден өз орындарын тапты. Қыздың үшеуі Астанада, біреуі Алматыда тұрады. Үлкені – Луиза. Есімінің бұлай қойылуының өзіндік себебі бар. Алғашқы балалары шетіней берген ата-ананың зарығып көрген перзенті өмірге келгенде «Әйтеуір аман болса екен» деген ниетпен, елеусіз есім қойыңдар деген үлкендердің кеңесімен ауылдағы ұлты шешен әйелге аттас қойып, шақалақтың өмір жасы ұзақ болсын деп ырымдап, жүз жасқа келген қарияның бұтының арасынан өткізіпті. Луиза ата-ана сенімін ақтады. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде өз теңін тауып, Мәлік есімді асыл азаматқа тұрмысқа шықты. Сансызбай аға күйеубаласын өз ұлындай жақсы көріп, ризашылықпен ақ батасын берген. «Батамен ер көгерер» демекші, қазір есімі елге белгілі қаламгер, жоғары лауазымда ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген қайраткер. Мәлік пен Луиза ұл-қыз өсіріп, ұрпақ сабақтастығын лайықты жалғастырып отыр. Сол сияқты Сәния, Эльмира, Гүлмира да өз бақыттарын тауып, әр салада еңбек етіп, жұбайларымен өнегелі отбасы ретінде ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіруде. Алмагүл ана сырттағы балаларын сағынғанда қыздарын бір аралап, жиендерінің маңдайынан иіскеп, мауқын басып қайтады. Ал кенжесі Тұрар – қара шаңырақтың иесі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол да әкесінен алған тәлімді қасиеттеген үлкен шаңырақтың отағасы ретінде ауылға сыйлы азамат. Келіншегі екеуі аналарын аялы алақанға салып әлпештейді.
Балаларының жетістігі – ата-ананың маңдай тері мен тәрбиесінің жемісі. Алмагүл апай балаларына ең алдымен адам болуды, үлкенді сыйлауды, еңбек етуді және адалдықты үйретті. Аналық мейіріміне бөлеп, балаларының қуанышы мен қиындығын бірге бөлісіп, оларға әрдайым ақылшы, қамқор ана бола білді. Бүгінде немерелерінің де сүйікті әжесіне айналып, үлкен әулеттің алтын қазығы болып отыр. Оның бойынан қазақ әйеліне тән барлық жақсы қасиет табылады. Қарапайымдылық, кішіпейілділік, мейірімділік, сабырлылық, еңбекқорлық, қонақжайлық – осының барлығы Алмагүл апайдың болмысын айқындайды.
Аталар шешімі
Сансызбай аға мен Алмагүл апай 1975 жылы шаңырақ көтерерде болған жағдайдың өзі көпшілікке өнеге боларлық жайт. Бір-бірін шын көңілмен сүйіп, болашақтарын бірге елестеткен кезде олардың екеуі де Шапырашты руының Асыл атасынан тарайтыны белгілі болады. Қазақ халқы үшін жеті ата дәстүрі – ата-бабадан аманат болып келе жатқан қасиетті заң. Сондықтан ата-аналары алғашында келісім бермейді. Аталас болып шыққаннан кейін олар бұл мәселені жеңіл қабылдамай, ауыл ақсақалдарына жүгінеді. Көпті көрген қариялар екі жастың шежіресін мұқият таратып, аталарын қайта-қайта санап шығады. Нәтижесінде олардың жеті атадан әлдеқашан асып кеткені анықталады. Сансызбайдың нағашы атасы Байжұма Естайұлы бастаған ақсақалдар қазақтың салт-дәстүріне сай баталарын беріп, екі жастың қосылуына рұқсат етеді. Сөйтіп ғашықтар 23 желтоқсанда отау құрады. Осылайша, үлкендердің ақ батасын алып, адал махаббатпен құрылған шаңырақтың керегесі кеңейіп, түтіні түзу шықты. Алмагүл апай мен Сансызбай ағаның өмір жолы – өзара сыйластықтың, сенімнің, адамға деген жанашырлықтың және ұлттық дәстүрді қастерлеудің жарқын үлгісіндей. Осындай асыл қасиеттер олардың балалары мен немерелеріне де өнеге болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары сөзсіз.
Түйін:
Жетпіс жас – өмірдің күз мезгілі емес, керісінше, мол тәжірибенің, даналықтың және қадір-қасиеттің кезеңі. Кейіпкеріміздің осы жасқа дейінгі жүріп өткен жолы – адал еңбектің, төзімнің және адамдықтың жарқын көрінісі. Сондықтан Алмагүл Әбдірәсілқызын біз де мерейлі жасымен құттықтаймыз! Әулетіңізге амандық, өзіңізге деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілейміз. Тәрбиелеп өсірген ұрпақтың қызығын көріп, немере-шөберелеріңіздің ортасында шаттыққа бөленіңіз. Сіздей қарапайым да еңбекқор, жүрегі мейірімге толы аналардың өмір жолы әрдайым құрметке лайық.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Балғабек Қыдырбекұлы ауылы,
Жамбыл ауданы


