Қазіргі заманда саяхаттың сан түрі бар. Бірі көлікпен, бірі пойызбен, енді бірі ұшақпен алыс сапар шегеді. Ал мыңдаған шақырымды тек қос дөңгелектің күшімен еңсеріп, табиғатпен тілдесіп, ел мен жерді жүрекпен танып қайту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Осындай батыл бастаманы өмірлік ұстанымына айналдырған Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Ақбел ауылының тұрғыны, 43 жастағы Қуаныш Шоқанұлы биыл ұлы Нұрәділмен бірге кезекті велосаяхатына аттанған болатын.
Маусым айының ортасында туған ауылынан жолға шыққан әкелі-балалы қос саяхатшы «Балқаш – Шу – Қордай» бағытымен жүріп, Қырғыз Республикасының Бішкек, Балықшы қалаларына жетті. Бұдан кейін олар әлемге әйгілі Ыстықкөлдің жағалауын жағалай өтіп, Шолпан-Ата мен Қарақол қалаларын аралады. Көздің жауын алатын көркем табиғат пен көне мекендерді тамашалап, талай тарихи орындарға аялдаған олар Кеген ауданындағы кеден бекеті арқылы Алматы облысына табан тіреді.
Алматы өңіріне жеткен велосаяхатшылар мұнда да жолдарын жалғастырып, облыстың көрікті аймақтарын аралап, қазақ даласының сұлу табиғатына тағы бір мәрте тәнті болды. Биік таулар мен мөлдір өзендер, кең жазиралы жайлаулар мен қонақжай ауылдар олардың сапарына ерекше сән берді. Жол бойында кездескен жандардың ақ тілегі мен ыстық ықыласы да қос саяхатшыға күш-қуат сыйлады.
Қуаныш Шоқанұлымен тілдескенімізде бұл ұлы Нұрәділ екеуінің үшінші велосаяхаты екенін білдік. Бұған дейін олар туған өлкені кеңінен аралап, өткен жылы Павлодар облысындағы көрікті Жасыбай өңіріне дейін велосипедпен барып қайтқан. Ал биылғы сапар бұрынғыдан да ауқымды болды. Алғаш рет мемлекеттік шекара асып, шетелге дейін барып қайту – олардың өміріндегі айтулы белеске айналды.
– Велосаяхатқа биыл үшінші жыл шығып отырмыз. Бұған дейін туған жер төңірегін, былтыр Павлодар облысының Жасыбай аймағына барып қайтқан едік. Осы жазда жолымызды ұзартып, шетел астық. Бұл алғашқы үлкен жетістігіміз деуге болады. Велосипедпен саяхаттаудың өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Тұмса табиғаттың таңғажайыбын көзбен көріп, құстың сайрағанын, судың сылдырын, алуан шөптің жұпарын сезінесің. Жолай адамдармен кездесіп, көптеген мәліметке қанығасың. «Атың барда желіп жүріп жер таны» деген халқымыздың нақылы бекер айтылмаған. Басты мақсатым – ұлым Нұрәділге ел көрсетіп, жер таныту әрі саламатты өмір салтын насихаттау. Шынығып өскен бала шымыр болады, ой-өрісі кеңейіп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді, – дейді Қуаныш Шоқанұлы.
Әкесінің ізін қуған Нұрәділ үшін бұл сапар үлкен өмір мектебіне айналды. Велосаяхат барысында ол өзінің он бес жасқа толған туған күнін де жол үстінде қарсы алды. Алғашқы күндері, әсіресе Шу мен Қордай аралығында қиындау болғанымен, жас спортшы уақыт өте келе шынығып, төзімділігі артып, әкесінен де озып кететін деңгейге жеткен.
– Қазір ауа райының қиындығына да үйреніп қалдым. Велосипедпен кейде әкеме жеткізбей кетемін, – деген Нұрәділдің сөзінен оның қайсарлығы мен алға деген сенімін анық аңғарған едік.
Күн сайын жүздеген шақырымды артқа тастап, аптап ыстыққа да, қарсы соққан желге де мойымай, сан белесті бағындырған әке мен бала ақыры ұзақ сапарын сәтті аяқтап, туған Ақбел ауылына аман-есен оралды.
Бұл күн ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышқа толы болды. Жерлестері қос саяхатшыны зор мақтанышпен қарсы алып, ізгі тілектерін жаудырды. Себебі олардың бұл сапары – жай ғана саяхат емес, туған жерге, ұлттық құндылыққа, денсаулық пен спортқа деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі еді.
Қуаныш Шоқанұлы ұлының осы сапарда нағыз ер азаматқа тән мінез қалыптастырғанын ерекше мақтанышпен айтады. Мыңдаған шақырым жол жүріп, ыстыққа күйіп, жаңбырға малынып, шаршауды жеңе білген жасөспірім туған елдің тарихын танып, табиғатын көріп, өмірдің талай сабағын алды.
Бүгінде қоғам салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қуаныш Шоқанұлы мен Нұрәділдің велосаяхаты – көпшілікке үлгі боларлық игі бастама. Олар спорттың адамды тек шынықтырып қана қоймай, туған жерді тануға, табиғатты аялауға, елмен етене араласуға тәрбиелейтінін өз істерімен дәлелдей білді. Қос дөңгелекпен мыңдаған шақырымды артқа тастап, Қазақстан мен Қырғызстанның көркем өлкелерін аралаған әке мен баланың бұл сапары ел есінде ұзақ сақталары анық. Бұл – қайсарлықтың, төзімнің, әкелік тәрбиенің және туған елге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Құралбек СӘБИТОВ


