Қонаев қаласында ауызсу қысымын арттыру және сумен қамту жүйесін жаңғырту мақсатында кешенді жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Қонаев қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Зәкеров мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары қала халқының көбеюіне және тұрғын үй құрылысының қарқын алуына байланысты бірқатар шағынауданда ауызсу қысымының төмендеуі байқалған. Осы мәселені шешу үшін бірнеше инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
«Қазіргі сүзгі стансасын жаңғырту жоспарда бар. Сонымен қатар жаңа сүзгі стансасын салуға және алты ұңғыма бұрғылауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Биыл екі жаңа сорғы сатып алынып, орнатылып жатыр. Бұл шаралар ауызсу қысымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», – деді бөлім басшысы.
Су жүйесін жаңғырту тек сүзгі стансаларымен шектелмейді. Қаладағы тозығы жеткен инженерлік желілерді кезең-кезеңімен ауыстыру да жоспарланған. Атап айтқанда, «Шығыс», «Спутник», 19, 20 шағынаудандарында ауызсу және кәріз желілерін жаңғырту жобалары іске асырылады. Сондай-ақ 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сейфуллин және Алматы көшелеріндегі, сондай-ақ 4-саяжайдағы инженерлік желілерді жаңарту көзделген.
«Бұдан бөлек, ШЖҚ «Қонаев Су Арнасы» МКК жыл сайынғы инвестициялық бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5623 метр болатын су құбырларын жаңартып жатыр. Жұмыстар Энергетическая көшесінде, сондай-ақ «Спутник» және «Ивушка» шағынаудандарында жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған», – деді Мадияр Зәкеров.
Қалада жасыл аймақтарды суаруға арналған жеке техникалық су жүйесін құру мәселесі де қарастырылып жатыр. Жоба қолданыстағы суару инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды, жаңа сорғы стансасын салуды және көгалдандыруға арналған техникалық су жүйесін іске қосуды қамтиды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, одан кейін жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жақсарып, қаланың су жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар жасыл аймақтарды техникалық сумен суару арқылы ауызсуды үнемдеуге мүмкіндік туады.
Ақерке Жұмағазықызы
Қонаев қаласы


