«Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Адал кәсіпкер» өңірлік байқауы жарияланды. Негізгі мақсаты – заң талаптарын сақтай отырып, адал әрі жауапты кәсіп жүргізетін бизнес өкілдерін қолдау, олардың үздік тәжірибесін насихаттау және қоғамда адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен жасақталған комиссия құрамы дөңгелек үстелде бас қосып, байқауды сапалы ұйымдастырып, өткізу жайын ақылдасты. Басқосу барысында өкілдер байқауға қатысатын кәсіпкерлерді іріктеу талаптарын, бағалау критерийлерін, мемлекеттік органдардан қажетті ақпараттарды алу тетіктерін және ақпараттық сүйемелдеу мәселелерін талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға, бизнестің ашықтығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған байқауға облыс аумағында тіркелген және кемінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнеркәсіп, құрылыс, сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері қатыса алады. Қатысушылар өз қызметін ашық жүргізуі, заң талаптарын сақтауы, қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы қажет. Сонымен қатар олардың салық пен міндетті төлемдер бойынша берешегі және заңнаманы өрескел бұзу деректері болмауы тиіс.
Қатысушыларды бағалау кезінде салық тәртібі, әлеуметтік жауапкершілік, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, бизнестің ашықтығы, іскерлік бедел және кәсіпорын қызметінің тұрақтылығы ескеріледі. Бағалау арнайы комиссия тарапынан 100 балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Жеңімпаздар «Үлгілі салық төлеуші», «Қауіпсіз бизнес», «Үздік өндірістік бизнес», «Әлеуметтік жауапты бизнес», «Ашық бизнес» және басқа да арнайы номинациялар бойынша анықталады.Үздік кәсіпорындар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін өтінім қабылдау басталды. Өтінімді онлайн түрде немесе облыстық кәсіпкерлер палатасына барып тапсыруға болады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ


