Ел шебін күзету – тек әскери міндет емес, ұлт алдындағы аманат. Сол аманатқа адал болып, ғұмырын Отан қауіпсіздігіне арнаған азаматтардың есімі уақыт өткен сайын асқақтай түседі. Ердің еңбегін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа өнеге. Шекара шебінде қызмет атқару кезінде қапияда қаза тапқан капитан Серікболсын Айдарханов пен оның ұлы Аль-Самирды еске алуға арналған шағын футбол турнирі осының айқын көрінісі.
Тағылымды шараны ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Нарынқол» шекара бөлімі Райымбек аудандық дене шынықтыру және спорт орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Мемлекеттік Гимнмен басталған салтанатты рәсімде сөз сөйлегендер капитан Серікболсын Айдархановтың шекара қызметіндегі адал еңбегі мен азаматтық болмысына тоқталып, мұндай турнирлердің басты мақсаты – елге қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтап, жастардың бойына отансүйгіштік рух дарыту екенін атап өтті.
Сайысқа сегіз команда қатысты. Шекара бөлімшелерінің құрамаларымен қатар Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы, аудандық полиция бөлімі және ҚР Қорғаныс министрлігінің шекара өңіріндегі 97617 әскери бөлімінің жеке радиолокациялық ротасының спортшылары да жасыл алаңға шықты.
Турнирдің алғашқы минуттарынан-ақ тартыстың қызуы сезілді. Әр команда жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Шапшаң шабуыл, сауатты қорғаныс, дәл пас пен үйлесімді ойын көрермендерді бейжай қалдырмады. Қызмет барысында ел тыныштығын күзететін азаматтар бұл жолы спорт алаңында да ұйымшылдықтың, тәртіптің және табандылықтың үлгісін көрсетті.
Тартысқа толы ойындардың қорытындысында «Қостөбе» шекара бөлімшесінің «Аль-Самир» командасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жеңімпаздар кубок, диплом және 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орынды ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінің командасы иеленсе, үшінші орынды Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының намысын қорғаған команда қанжығасына байлады.
Лайықты бағасын беру керек, «Нарынқол» шекара бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы майор Руслан Қыдырмолдаұлы ұйытқы болған турнирдің үздік ойыншылары да назардан тыс қалған жоқ. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Ж.Байсахановтың атынан үш арнайы номинация белгіленіп, жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді.
Тоқталар болсақ, «Үздік қорғаушы» аталымына 97617 әскери бөлімінің жеке радиолокациялық ротасы командасының капитаны Мадияр Тоқтасын ие болды. «Үздік қақпашы» номинациясын ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінің бастығы капитан Ерасыл Сәуірбаев жеңіп алып, командасының мерейін асқақтаты. Ал Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының ойыншысы, қатардағы жауынгер Рамиз Молотов «Үздік ойыншы» атанды.
Мұндай турнирлердің мәні жеңімпаздарды анықтаумен ғана өлшенбейді. Оның басты құндылығы – ел шебін күзеткен азаматтардың жарқын есімін ұлықтап, олардың адал қызметін кейінгі ұрпаққа үлгі етуінде. Ел шебінің соқпақтарында ізі сайрап жатқан капитан С.Айдарханов пен оның ұлы Аль-Самирды ұлықтауға арналған бұл жарыс та спорт пен руханиятты тоғыстырған, бірлік пен құрметті дәріптеген тағылымды шараға айналды.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы



