Әрбір азаматтың адал еңбегімен тапқан мүлкі – заңмен қорғалатын құндылық. Сондықтан жеке меншікті қорғау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әр адамның өз жауапкершілігін талап ететін маңызды мәселе.
Қазіргі таңда пәтер ұрлығы, алаяқтық, автокөлік ұрлау, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру секілді құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бейнебақылау жүйелерін орнату, қауіпсіздік дабылдарын пайдалану, есік-терезелердің қорғанысын күшейту және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру қылмыстың азаюына ықпал етеді.
Мүлікті қорғауда қарапайым сақтық шараларының өзі үлкен нәтиже береді. Үйді қараусыз қалдырғанда есік-терезелердің жабық екеніне көз жеткізу, бағалы заттарды ашық жерде қалдырмау, белгісіз адамдарға жеке ақпаратты жария етпеу – қауіпсіздіктің негізгі қағидаларының бірі.
Егер мүлікке қатысты құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз немесе күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Себебі дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың жолын кесуге және келтірілген шығынның алдын алуға мүмкіндік береді.
Меншікті қорғау – заңға деген құрметтің және қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Әр азамат өз мүлкіне жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын сақтағанда ғана қоғамдағы құқықтық тәртіп нығая түседі.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

