Жол қозғалысы қауіпсіздігі – қоғамның ортақ мәдениетін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Жолда жасалған әрбір әрекет тек жүргізушінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің, жолаушылардың және өзге де қозғалысқа қатысушылардың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан жол ережесін сақтау – заң талабы ғана емес, адам өміріне деген құрметтің белгісі.
Көптеген жол-көлік оқиғалары жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде көлік басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефонға алаңдау салдарынан орын алады. Мұндай немқұрайдылықтың соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Жолдағы қауіпсіздік жүргізушілермен ғана шектелмейді. Жаяу жүргіншілер де арнайы өткелдерді пайдаланып, бағдаршам талаптарын сақтап, жолды кесіп өту кезінде барынша мұқият болуы тиіс. Ал ата-аналар балаларға жолда жүру мәдениетін ерте жастан үйретуі қажет.
Құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, жүргізушілердің тәртіпті сақтауына ерекше назар аударып келеді. Алайда қауіпсіз жол қалыптастыру ең алдымен әр адамның саналы әрекетіне байланысты.
Өмірдің бағасы ешнәрсемен өлшенбейді. Жолда бір сәттік асығыстықтың орнына сабыр мен жауапкершілікті таңдасақ, талай қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Қауіпсіз жол – әрқайсымыздың дұрыс таңдауымыздан басталады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

