Алкогольге тәуелділік – адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасысына, еңбекке қабілетіне және қоғамдағы орнына кері әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе. Ішімдікке әуестік түрлі құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының, тұрмыстық жанжалдардың және отбасылық келіспеушіліктердің туындауына себеп болуы мүмкін.
Алкоголизмнің алдын алудың ең тиімді жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Спортпен айналысу, пайдалы әдеттерді дамыту, бос уақытты тиімді өткізу және отбасы құндылықтарын нығайту адамды зиянды әдеттерден алыстатады. Әсіресе жастар арасында денсаулықтың маңызын түсіндіру, зиянды әдеттердің салдарын кеңінен насихаттау ерекше маңызға ие.
Әр адам өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қандай жағдай болмасын, уақытша көңіл көтеру үшін ішімдікке жүгіну мәселені шешпейді. Керісінше, ол жаңа қиындықтардың басталуына себеп болуы мүмкін.
Қоғамның дені сау болуы – әрбір азаматтың дұрыс таңдауынан басталады. Салауатты өмір салтын ұстану – өзіңе ғана емес, отбасыңа және болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен қамқорлық.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

