Перейти к содержимому
Главная страница » Таза ауыл – ортақ міндет

Таза ауыл – ортақ міндет

Қарадаланың төсіндегі Кетпен ауылдық округінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза ауыл – ортақ міндет» атты ауқымды тазалық акциясы ұйымдастырылды. Ауылдың көркеюі мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бұл шараға 100-ге тарта тұрғын белсенді қатысып, бірнеше техника жұмылдырылды.

Берекесі тасыған, бірлігі бекем кетпендіктер бұл күні ауылдағы қоғамдық орындар, атап айтқанда ауылдық мәдениет үйінің, Сәдіғожа Мошанұлы ескерткішінің айнаалсын абаттандырып, тазалап, бүлінген жерлерін жөндеп, азаматтық атынтыт. Сонымен қатар ауыл көшелері мен демалыс аймақтары қоқыстан тазартылып, санитарлық жағдайды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Тұрғындар бірлесе еңбек етіп, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, бұл күні ауыл жастарының белсенділігі ерекше көзге түсті. Олар тек тазалық жұмыстарына қатысып қана қоймай, үлкендерге үлгі болып, экологиялық мәдениетті насихаттауға атсалысты.

Шара барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізіліп, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және тазалық сақтау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы да кеңінен айтылды. Мұны да жастар ұйымдастырды. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының жауапкершілігін арттырып, ортақ іске жұмылуына ықпал ететіні сөзсіз.

Игі істің басы-қасында ауылдастарымен бірге жүрген Кетпен ауылдық округінің әкімі Марат Үмбетжанов тұрғындардың бірлігі мен белсенділігін ерекше атап өтті: «Бүгінгі акция – ауылымыздың бірлігін көрсететін игі іс. Жастарымыздың белсенділігі қуантады. Осындай ортақ іске жұмылып, ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жатқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Таза орта – өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін маңызды», – деді ауыл әкімі. Сонымен қатар бұл тазалық шарасы әр апта сайын жүріп отырғаны, тіпті бүгінде тұрғындардың өздері-ақ ешбір ескертусіз ауласын, көшесін тазалауға бір кісідей жұмылып атсалысуды дәстүрге айналдырғанын да мақтана айтты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен «Таза ауыл – ортақ міндет» акциясының негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру еді. Бастысы ауыл тұрғындары сол мақсатқа жетіп отыр бүгінде. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Кетпен ауылының ажары арта түсері анық. Себебі, таза ауыл – дені сау қоғамның кепілі.

Анар Дүйсенбайқызы Ұйғыр ауданы