Жаңа Конституцияда еңбек адамының мәртебесін көтеру мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты ретінде қарастырылған.
Еңбекшіқазақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали Жаңа Конституцияға қатысты пікір білдіріп, құжатта еңбек құқығын қорғау, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда еңбек адамының мәртебесін көтеру мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты ретінде қарастырылған. Бұл еңбек қатынастарындағы әділдікті қамтамасыз етуге және жұмысшылардың құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік береді. «Конституция – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесінің негізі. Сондықтан онда еңбек адамының құқығын қорғау мәселесінің нақты әрі айқын көрсетілуі өте маңызды. Жаңа Ата заңда еңбек қатынастарына қатысты нормалардың күшейтілуі жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыруға бағытталған. Бұл – тек құқықтық өзгеріс емес, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілікті нығайтатын маңызды қадам. Өйткені ел экономикасының негізгі тірегі – еңбек адамдары, олардың құқықтары мен мүдделері әрқашан қорғалуы тиіс, – деді Нұрболат Серғали.
Оның пікірінше, бизнесті дамытуға құқықтық кепілдіктердің берілуі экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. «Кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі екені даусыз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет айтты. Сондықтан Конституцияда кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі, адал бәсекелестікті қорғау және бизнесті дамытуға қажетті құқықтық кепілдіктердің болуы өте маңызды. Жаңа Конституцияда осы мәселелерге баса назар аударылғанын көруге болады. Бұл кәсіпкерлерге тұрақты әрі түсінікті құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал тұрақты бизнес жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары және халықтың әл-ауқатының артуы деген сөз», – деді ол.
Нұрболат Серғалидың айтуынша, жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік қағидаттары да айқын көрініс тапқан. Бұл еңбек адамы мен кәсіпкердің мүддесін тең дәрежеде қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Өз тілшіміз

