Перейти к содержимому
Главная страница » Сақтық – алаяқтықтан арашалайды

Сақтық – алаяқтықтан арашалайды

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың күнделікті өмірін едәуір жеңілдетті. Бүгінде қаржылық операциялардың басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады, мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшіп, сауда-саттықтың да негізгі бөлігі электронды алаңдарда жүргізілуде. Алайда заманауи мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіп түрлері де көбейді. Соның бірі – интернет алаяқтығы. Қазіргі таңда бұл қылмыс түрі қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

      Интернет алаяқтары күн сайын өз әрекеттерін жетілдіріп, адамдардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолданады. Олар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі, ұялы байланыс операторының маманы немесе мемлекеттік мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтері мен банк картасының деректерін алдап алуға тырысады. Кей жағдайда жалған интернет-дүкендер ашып, арзан баға ұсыну арқылы тұрғындарды алдап, алдын ала төлем жасатады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен инвестициялық жобалар арқылы да азаматтардың қаржысын заңсыз иемденуге әрекет етеді. Өкінішке қарай, мұндай қылмыстың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Интернетті жақсы меңгерген жастар да, өмірлік тәжірибесі мол үлкендер де алаяқтардың айласына алданып жатады. Себебі қылмыскерлер адамның сеніміне кірумен қатар, асықтыру, қорқыту немесе оңай табысқа қызықтыру сияқты психологиялық тәсілдерді шебер пайдаланады. Сондықтан кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау көптеген құқық бұзушылықтың алдын алады. Банк картасының нөмірін, құпия сөздерді, SMS арқылы келген растау кодтарын немесе жеке сәйкестендіру нөмірін бөгде адамдарға беруге болмайды. Банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері мұндай мәліметтерді телефон арқылы ешқашан сұрамайтынын әр азамат есте ұстағаны жөн. Егер белгісіз адам өзін қандай да бір ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді талап етсе, әңгімені тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты қайта тексерген дұрыс.

     Соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидаларының да саны артып келеді. Олар қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беріп, азаматтарды ақша салуға үгіттейді. Алғашқы кезеңде аздаған табыс көрсеткенімен, кейін ұйымдастырушылар салымшылардың қаражатын иемденіп, байланыссыз кетеді. Мұндай жағдайларға тап болмас үшін қандай да бір қаржылық ұсынысқа келіспес бұрын оның заңдылығын мұқият тексеру қажет. Жеңіл әрі жылдам табыс туралы уәделерге сақтықпен қараған дұрыс.

      Интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру бүгінде ерекше маңызға ие. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығына көңіл бөлу қажет. Ата-аналар балаларының интернетті қалай пайдаланатынын бақылап, онлайн қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отырғаны жөн. Бұл олардың алаяқтардың немесе өзге де құқық бұзушылардың құрбаны болуына жол бермейді. Құқық қорғау органдары тұрғындарды интернет алаяқтарының жаңа тәсілдері туралы тұрақты түрде хабардар етіп, профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Дегенмен кез келген қауіптің алдын алуда азаматтың өзінің қырағылығы шешуші рөл атқарады. Әрбір адам жеке деректерінің құпия сақталуына жауапкершілікпен қарап, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуі тиіс.

       Интернет – мүмкіндігі мол кеңістік. Бірақ оны қауіпсіз пайдалану әркімнің өз сақтығына байланысты. Саналы әрекет, ақпаратты мұқият тексеру және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы ғана интернет алаяқтарының құрбаны болудан сақтануға болады. Қоғамның цифрлық сауаттылығы артқан сайын мұндай қылмыстардың да алдын алуға мүмкіндік молая түседі.

Құралбек Сәбитұлы