Перейти к содержимому
Главная страница » Салауатты өмір — қауіпсіз қоғамның негізі

Салауатты өмір — қауіпсіз қоғамның негізі

Салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғамның әл-ауқатын арттырып қана қоймай, құқық бұзушылықтың, түрлі әлеуметтік мәселелердің және зиянды әдеттердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Денсаулығы мықты, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар – елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық қауіпсіздігінің басты кепілі. Сондықтан халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.

Осы бағытта Балқаш ауданында тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға, дене белсенділігін арттыруға және дұрыс өмір салтын ұстануға бағытталған кешенді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Спорттық жарыстар, бұқаралық жүгіру акциялары, велошерулер, отбасылық сайыстар, денсаулық күндері мен түрлі ақпараттық кездесулер арқылы тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, күн тәртібін сақтау және зиянды әдеттерден бас тартудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілуде.

Мамандар темекі шегудің, алкогольді шамадан тыс тұтынудың және басқа да зиянды әдеттердің адам денсаулығына ғана емес, отбасылық қарым-қатынасқа, қоғамдық тәртіпке және құқық бұзушылық деңгейіне де кері әсер ететінін тұрақты түрде түсіндіреді. Әсіресе жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында дәрістер, кездесулер, пікірталастар мен тәрбиелік шаралар өткізіліп, салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтары жан-жақты насихатталуда.

Белсенді өмір салтын ұстанатын азаматтардың қатары көбейген сайын қоғамда өзара жауапкершілік, тәртіп пен қауіпсіздік мәдениеті де нығая түседі. Спортпен тұрақты айналысу адамның денсаулығын жақсартып қана қоймай, ерік-жігерін шыңдап, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және зиянды әрекеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға оң әсерін тигізеді.

Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс өмір салтын таңдаған жағдайда ғана дені сау, белсенді әрі саналы қоғам қалыптасады. Денсаулықты сақтау – әр адамның өз қолында. Ал салауатты қоғам – қауіпсіз, тәртіпті әрі дамыған мемлекеттің берік негізі. Бұл – «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтырудың және жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.

Алтынай СЕЙІТКЕН