Еңбекшіқазақ ауданында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Акция жолаушылар тасымалы саласындағы жол қауіпсіздігін күшейтуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және тасымалдаушылардың заң талаптарын сақтауын бақылауға бағытталған.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерді, таксилерді, шағын автобустарды және жолаушылар тасымалдайтын өзге де көлік құралдарын тексеріп жатыр. Бақылау барысында көліктердің техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, құжаттарының толықтығына, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалы фактілеріне ерекше назар аударылуда.
Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитанының айтуынша, мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты – құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең алдымен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
«Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Сондықтан көлік құралдарының техникалық жарамдылығы, жүргізушілердің жұмыс және демалыс режимін сақтауы, жол қозғалысы қағидаларын мүлтіксіз орындауы тұрақты бақылауда болады. Әрбір жүргізушіні жолаушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырамыз», – дейді Еңбекшіқазақ АПБ ППР командирі, полиция капитаны Дәурен Күлкеев.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жол қозғалысы қағидаларын қатаң орындауға және жолдағы өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаларын ұстануға шақырады. Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен адам өмірін сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ міндеті.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

