2026 жылғы 29 шілдеде Шелек ауылындағы Ж.Үшкемпіров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудан жастары арасында «Білек бәсекесі – тәртіп жеңісі» атты қол күресінен аудандық жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шара Еңбекшіқазақ ауданының ішкі саясат бөлімінің және «Іле Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жарыстың негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту, жас буынның күш-жігерін шыңдау, сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастырып, «Заң мен тәртіп» қағидаттарының маңызын кеңінен насихаттау.
Додаға ауданның әр ауылдық округінен келген жастар қатысып, қол күресінен өзара бақ сынасты. Қатысушылар жоғары спорттық дайындықтарын, күш-жігер мен жеңіске деген талпынысын паш етіп, тартысты әрі қызықты жарыс өткізді. Әр кездесу көрермендердің қызу қолдауымен жарыстың көркін қыздыра түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың бойында тәртіпке бағыну, өзара сыйластық, табандылық пен жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар спорт арқылы жастарды құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған қоғамдық бастамаларға тарту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Жарыс қорытындысы бойынша Шелек ауылдық округінің спортшысы А.Думан бірінші орынды иеленді. Екінші орын Шелек ауылының тұрғыны А.Үмбетовке бұйырса, Қорам ауылдық округінен келген Н.Нұрсұлтан үшінші орынан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, аудан көлемінде жастарды бұқаралық спортқа тарту, олардың құқықтық сауатын арттыру және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

