Перейти к содержимому
Главная страница » Жауапкершілік – қауіпсіздік кепілі

Жауапкершілік – қауіпсіздік кепілі

Жаз мезгілінде демалушылар саны артатын Еңбекшіқазақ ауданындағы туристік орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Есік көлі мен Түрген шатқалында профилактикалық рейд өткізді.

«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жүргізілген іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатты өрттердің алдын алу, судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау және демалушыларды айналадағы қауіпсіздік мәселелеріне ден қоюға шақыру. Мамандар туристер көп баратын демалыс орындарын аралап, табиғат аясында демалу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.

Рейд барысында азаматтарға рұқсат етілмеген жерлерде от жақпау, темекі тұқылын және шыны қалдықтарын табиғатқа тастамау, қоқысты арнайы орындарға жинау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ орман алқаптарындағы кез келген ұқыпсыздықтың ірі өртке себеп болуы мүмкін екені ескертілді.

Сонымен қатар мамандар су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды. Демалушыларға арнайы жабдықталмаған орындарда суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға шомылмау және құтқарушылардың ескерту белгілеріне назар аудару қажеттігі түсіндірілді.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің айтуынша, жазғы демалыс маусымында Есік көлі мен Түрген шатқалына келушілер саны айтарлықтай көбейеді. Сондықтан табиғатты қорғау мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет.

«Есік көлі мен Түрген шатқалы – өңірдің турист ең көп келетін бағыттарының бірі. Демалушылардың табиғат аясындағы азаматтық жауапкершілігі, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы және қалдықтарды қалдырмауы табиғи ортаны сақтауға үлкен үлес қосады. Әрбір демалушыны қауіпсіздік ережелеріне жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – дейді ұлттық парк қызметкерлері.

Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары мұндай профилактикалық жұмыстар жаз бойы тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы табиғаттағы өрттердің де, судағы қайғылы оқиғалардың да алдын алуға болады. Сондықтан тұрғындар мен туристерден демалыс кезінде жеке қауіпсіздікке ғана емес, қоршаған ортаға да жауапкершілікпен қарау сұралады.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ