Отбасы – қоғамның ең басты құндылығы. Сондықтан отбасындағы тыныштық пен өзара сыйластықты сақтау әрбір азаматтың міндеті. Өкінішке қарай, тұрмыстық жанжалдар мен зорлық-зомбылық фактілері қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Мұндай құқық бұзушылықтар жәбірленушінің ғана емес, балалардың тәрбиесіне, отбасының берекесіне және қоғамдық тұрақтылыққа кері әсер етеді.
Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін тұрақты ұйымдастыруда. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш қолданумен шектелмейді. Қорқыту, психологиялық қысым көрсету, қорлау немесе экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу де заңмен қорғалатын құқықтарды бұзады. Сондықтан мұндай әрекеттерге бейжай қарамай, дер кезінде тиісті органдардың көмегіне жүгіну маңызды. Бұл бағытта қоғамның да жауапкершілігі ерекше. Жақындарының немесе көршілерінің қиын жағдайға тап болғанын ба/йқаса, үнсіз қалмай, көмек көрсетуге ұмтылу – азаматтық ұстанымның белгісі. Өйткені уақытылы көрсетілген қолдау ауыр зардаптардың алдын алуы мүмкін.
Отбасындағы татулық – қауіпсіз қоғамның берік негізі. Өзара құрмет пен түсіністікке құрылған отбасыда ғана дені сау, тәрбиелі ұрпақ өседі. Ал заңға құрметпен қарап, зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік танытқан қоғамда тұрақтылық пен тыныштық нығая түседі.
Құралбек СӘБИТОВ

