Перейти к содержимому
Главная страница » Есірткі — ел болашағына төнген қауіп

Есірткі — ел болашағына төнген қауіп

     Есірткі – адам денсаулығына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне де зор қауіп төндіретін індет. Ол адамның өмірін өзгертіп қана қоймай, қылмыстың көбеюіне, отбасылардың ыдырауына және жастардың болашағына кері әсерін тигізеді. Сондықтан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары есірткі саудасының тәсілдері өзгеріп, қылмыскерлер интернет пен әлеуметтік желілерді жиі пайдалана бастады. Жастарға оңай табыс ұсынатын жарнамалар арқылы оларды заңсыз әрекетке тарту фактілері кездеседі. Мұндай ұсыныстардың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін әрбір азамат түсінуі тиіс. Есірткінің алдын алуда профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Білім беру ұйымдарында өткізілетін кездесулер, жастар арасында ұйымдастырылатын ақпараттық акциялар мен түсіндіру жұмыстары олардың құқықтық сауатын арттыруға және зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Салауатты өмір салтын насихаттау – есірткіге қарсы күрестегі ең тиімді құралдардың бірі. Бұл бағытта ата-аналардың да жауапкершілігі ерекше. Баланың араласатын ортасына көңіл бөліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, онымен ашық сөйлесу – көптеген қауіптің алдын алады. Отбасындағы сенім мен дұрыс тәрбие жасөспірімнің теріс жолға түспеуіне ықпал етеді.

      Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң талаптарын сақтау, күмәнді жағдайларға бейжай қарамау және жастарды салауатты өмір салтына баулу арқылы ғана біз қауіпсіз қоғам қалыптастырып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қорғай аламыз.

Құралбек СӘБИТОВ