Перейти к содержимому
Главная страница » Алкоголь — бар қатердің бастауы

Алкоголь — бар қатердің бастауы

     Алкогольге тәуелділік – адамның денсаулығына ғана емес, отбасының берекесіне және қоғамның тыныштығына да кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Ішімдікті шамадан тыс пайдалану салдарынан тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол-көлік оқиғалары мен өзге де құқық бұзушылықтар орын алуы мүмкін. Сондықтан алкоголизмнің алдын алу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды бағыты.

      Зиянды әдеттермен күресте ең алдымен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Спортпен шұғылдану, белсенді демалыс, мәдени және қоғамдық шараларға қатысу адамның бос уақытын тиімді ұйымдастырып, зиянды әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау – болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудың басты кепілі. Бұл бағытта отбасының рөлі ерекше. Ата-ананың тәрбиесі, өзара сыйластық пен дұрыс өмірлік ұстанымы баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Отбасында дұрыс тәрбие көрген жас зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, қоғамға пайдалы азамат болып өседі.

     Құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар алкоголизмнің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамда жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Салауатты өмір салтын таңдау – әр адамның өз қолында. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тарту арқылы әр азамат өз отбасының амандығына, қоғамның тұрақтылығына және елдің өркендеуіне үлес қоса алады. Өйткені дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің ең басты байлығы.

Құралбек СӘБИТОВ