Алкогольді шамадан тыс тұтыну адамның денсаулығына ғана емес, отбасының берекесіне, қоғамдық тәртіпке және жалпы қоғамның дамуына кері әсер етеді. Көптеген құқық бұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары мен тұрмыстық жанжалдардың негізгі себептерінің бірі – алкогольді жауапсыз пайдалану.
Алкоголизмнің алдын алу ең алдымен дұрыс тәрбие мен салауатты өмір салтын қалыптастырудан басталады. Отбасында балаларға зиянды әдеттердің салдары түсіндіріліп, спортпен айналысуға, мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысуға жағдай жасалуы қажет. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында да профилактикалық жұмыстардың маңызы зор.
Заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға, мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзуға және көлік құралын масаң күйде басқаруға жауапкершілік көзделген. Бұл талаптардың барлығы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Егер адамның алкогольге тәуелділігі байқалса, медициналық және психологиялық көмекке дер кезінде жүгіну маңызды. Мұндай жағдайда жақындарының қолдауы мен қоғамның түсіністігі оң нәтижеге ықпал етеді.
Әрбір азамат зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыруға үлес қосады. Дені сау ұлт – елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының басты кепілі.

