Есірткіге қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің біріне айналып отыр. Себебі есірткіге тәуелділік адамның өмірін ғана емес, оның біліміне, еңбекке қабілетіне және болашағына да орны толмас зиян келтіреді. Қазіргі уақытта есірткіні таратудың жаңа тәсілдері пайда болды. Заңсыз айналымға қатысы бар адамдар әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарын пайдаланып, жастарды оңай табысқа қызықтырып, қылмыстық әрекетке тартуға тырысады. Мұндай ұсыныстардың барлығы заң алдында жауапкершілікке әкелетінін есте ұстау қажет.
Есірткінің алдын алуда отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі ерекше. Баламен ашық сөйлесу, оның араласатын ортасына көңіл бөлу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру көптеген қауіптің алдын алады. Спортпен айналысу, шығармашылықпен шұғылдану және қоғамдық жұмыстарға қатысу жастардың дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді. Құқық қорғау органдары есірткі қылмысының алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады. Мұндай шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырып, зиянды әдеттердің салдарын түсіндіруге бағытталған.
Жастардың жарқын болашағы – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Есірткіге мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау арқылы ғана қауіпсіз әрі саналы қоғам құруға болады.
Құралбек СӘБИТОВ

