Еліміздің жаңа Конституциясында сөз және шығармашылық еркіндігі, зияткерлік меншік пен мәдени мұраны сақтау мәселелері жеке баптармен нақты бекітілген. Бұл өзгерістер қоғамның демократиялық дамуына ғана емес, елдегі өнер мен мәдениет саласының еркін тыныстауына да тікелей әсер етпек.
Конституциядағы 23-баптың 1-тармағында сөз еркіндігімен қатар ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні көрсетілген. Бұл норма – демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі. Мәдениет саласының үздігі Арайлым Мамырбекованың айтуынша, бұл қағидалар бұрыннан бар болғанымен, оларды Конституция деңгейінде нақты бекіту шығармашылық орта үшін айрықша мәнге ие.
«Бұл – мемлекеттің шығармашылық тұлғаға сенім білдіруі, оның еркін ойлауына, еркін ізденуіне жасалған жағдай деп түсінген жөн. Өнер адамы жаратылысынан қалыпқа сыймайды. Еркіндік бар жерде ғана өнер дамиды, жаңа бағыттар мен формалар пайда болады», – дейді ол.
Өнер иесінің пікірінше, шығармашылық еркіндік өнер адамдарына қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеруге, шаблоннан тыс ойлауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қазақстандық сахнада жаңа репертуарлар қалыптасып, ұлттық және заманауи өнер қатар дамып келеді. Жас композиторлардың тың туындылары сахнаға шығып, отандық орындаушылар халықаралық деңгейде мойындала бастады. Ал 23-баптың 2-тармағында зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Бұл – өнер адамдары үшін аса маңызды норма.
Ерзат Асыл

