Перейти к содержимому
Главная страница » Түнгі рейд Іледе жалғасты

Түнгі рейд Іледе жалғасты

Алматы облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыс жүргізілуде. Осы мақсат­тағы кезекті түнгі рейд Іле ауданында жалғасын тапты.

Сағат тілі 23:00-ді көрсеткенде арнаулы инспекция өкілдерімен бірге Өтеген батыр кентінде басталған рейд барысында бірқатар құқықбұзушылықтың куәсі болдық. Айталық, қоғамдық орында ішімдік ішкен азаматқа тиісті әкімшілік шара көрілсе, түнгі уақытта ата-анасыз жүрген жасөспірімдерге ескерту жасалды. Бұл күні рейдтік шараға қызметтік көліктер мен елуге жуық полиция, прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ қоғам белсенділері жұмылдырылды. Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындарында рейдтік қадағалау жұмысын жүргізді. Іс-шараға қатысқан облыс­тық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Дәкеев шараның құқықбұзушылықтың алдын алу мен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталғанын жеткізді. «Демалыс күндері патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді ол.
Шара барысында бірқатар қауіпсіздік ережесін сақтамаған компьютерлік ойын клубтарына ескерту жасалып, хаттамалар толтырылды. Бүгінде Іле ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан аумағында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, ерекше назарды қажет ететін балалармен жеке жұмыстар ұйымдастырылуда. Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, өңірдің барлық ауылдық округінде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Мұндай шара барысында мектептердің маңы, ойын-сауық орындары, дәмханалар, мейрамханалар, қоғамдық тамақтану орындары және саяжай алқаптары тексеріледі.
«Жыл басынан бері аудан әкімдігі, прокуратура органдары және аудандық полиция басқармасы бірлесіп өткізген рейдтік-профилактикалық іс-шаралардың қорытындысы бойынша ата-аналарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша 190 әкімшілік хаттама және 442-бабы бойынша 261 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Бұл жердегі басты мақсат – ата-аналарды жазалау емес, олардың бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру. Алдағы уақытта да рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жалғасады. Ерекше назарды қажет ететін балалармен жеке жұмыс жүргізіледі, ата-аналармен түсіндіру шарасы күшейтіледі. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, спортқа, мәдениетке және қоғамдық жұмыстарға тартуға басымдық беріледі. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың қауіпсіз ортада өсіп, білім алып, өз қабілетін еркін дамытуына жағдай жасау. Баланың қауіпсіздігі – тек әкімдікке, полицияға немесе мектепке жүктелетін міндет емес. Бұл – ата-ана, білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар Іле ауданында тұрақты түрде жалғаса береді» – дейді Асқар Садықов.

Ерзат АСЫЛ

Іле ауданы