Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына өтетін сайлауға үміткерлер ұсыну аяқталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Сайлау 29 қазан күні өңірлердегі 21 сайлау округінде өтеді.
Жаңа депутаттар 11 өңірде – Абай, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында сайланады.
Сайлауға барлығы 109 үміткер ұсынылды. Оның 28-і – саяси партиялардан, 81-і өзін-өзі ұсынғандар.
Ұсынылған үміткерлердің 93-і (85,32 %) – ер, 16-сы (14,68 %) – әйел. 66 кандидат саяси партиялардың мүшесі болса, 21-і – партия қатарында жоқ, 22-сі партия санатында бар-жоғын көрсетпеген.
Депутаттықтан үміткерлердің орташа жасы – 42,21 жас. Ұсынылған үміткерлер арасында 5 этнос өкілдері бар. 94 (86,2%) үміткердің – жоғары білімі, 12-нің (11%) – орта кәсіптік білімі және үшеуінің (2,8%) орта білімі бар.
Қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына үміткерлерді тіркеу жалғасып жатыр. 28 қыркүйектегі есеп бойынша округтік сайлау комиссияларында 44 үміткер тіркелді.
Үміткерлерді тіркеу 3 қазан күні сағат 18.00-де аяқталады. Тіркеу аяқталған сәттен бастап үміткерлер сайлау алдындағы үгітке кіріседі, ол 28 қазан, сағат 00.00-ге дейін жалғасады.