Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Түрген шатқалындағы «Family» демалыс орнында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Ашық алаң – жаңа мүмкіндік» атты жастармен кездесу өтті.
«Іле Мұрагер» қоғамдық бірлестігі және Еңбекшіқазақ аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесудің басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң мен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттау, азаматтық жауапкершілік пен белсенділікті арттыру, сондай-ақ жастардың өзекті мәселелерін талқылап, еркін пікір алмасуына мүмкіндік жасау. Ашық форматта өткен кездесу жастардың ой-пікірін тыңдауға, ұсыныстарын ортаға салуға және мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары жөнінде ақпарат алуға бағытталды.
Кездесуге Алматы облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Мэлс Әукенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол жастар саясатының басым бағыттарына тоқталып, қоғамның дамуына жастардың қосар үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жас буынды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға, өз құқықтары мен міндеттерін жетік білуге және елдің дамуына үлес қосуға шақырды.
Іс-шараның арнайы қонағы – блогер Алпамыс Жарылқасынов жастармен ашық форматта әңгімелесіп, өзінің өмірлік тәжірибесімен және жетістікке жету жолындағы еңбекқорлығы туралы ой бөлісті. Ол жастарды білімге ұмтылуға, уақытты тиімді жоспарлауға, өзін үздіксіз дамытуға, еңбекқор болуға және алға қойған мақсаттарына табандылықпен жетуге үндеді. Сондай-ақ қазіргі ақпараттық кеңістікте дұрыс бағыт таңдап, әлеуметтік желілерді пайдалы мақсатта пайдалану, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және заң талаптарын сақтау әрбір жас үшін маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, көкейлеріндегі мәселелер бойынша еркін пікір алмасты. Ашық диалог алаңы жастардың белсенділігін арттырып, өз ойын ашық жеткізуіне және тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Жастар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлерді назарға алған ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасы болатынын айтты.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар арнайы қонақтарға алғыс білдіріп, белсенділік танытқан жастарға ризашылықтарын жеткізді. Қатысушылар естелік суретке түсіп, мазмұнды әрі тағылымы мол кездесу өз мәресіне жетті.
«Ашық алаң – жаңа мүмкіндік» кездесуі жастардың құқықтық сауатын арттыруға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына ықпал еткен маңызды диалог алаңына айналды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

