Қырғызсай ауылдық округінде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Қахар Мырзалиевтің бастамасымен өтіп, оған жергілікті полиция қызметкерлері белсенді түрде қатысты. Мұндай жұмыстар ауылдық округте «Заң мен тәртіп» қағидасын нығайту, ауыл тұрғындары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жолғы кезекті рейдте сауда орындары қамтылды.
Рейд барысында ауыл аумағындағы сауда орындары араланып, кәсіпкерлермен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынатыны ерекше атап өтілді. Кәсіп иелеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, 21 жасқа толмаған азаматтарға мұндай өнімдерді ұсыну заң бұзушылық болып саналатыны ескертілді.
Полиция қызметкерлері өз сөздерінде мұндай рейдтердің маңыздылығына тоқталып өтті. «Жасөспірімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігі – мемлекеттің басты назарында. Заң талаптарын сақтау – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе кәсіпкерлер тарапынан жауапкершілік жоғары болуы тиіс. Егер заң талаптары сақталмаса, тиісті шаралар қолданылатын болады», – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар, рейд барысында тұрғындарға да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың теріс әрекеттерге бармауына жол бермеу жөнінде кеңестер берілді. Мұндай профилактикалық шаралар ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Жалпы, Қырғызсай ауылдық округінде жүргізіліп жатқан мұндай рейдтік іс-шаралар – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі ғана. Алдағы уақытта да осыбағыттағы жұмыстар өз жалғасын табары анық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

