Перейти к содержимому
Главная страница » Тазалық – ортақ іс

Тазалық – ортақ іс

Ақтам ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық жұмыстары өтті. Іс-шара ауылдағы Абай көшесі бойында, учаскелік полиция тірек пункті маңында ұйымдастырылды.

Таңертеңнен басталған жұмысқа ауыл тұрғындары белсенді қатысып, бірлесе еңбек етті. Қолдарына қажетті құралдарын алған олар көшені, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтірді. Әсіресе көптен бері жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, айнала біршама тазарып қалды. Бұған дейін көз үйреніп кеткен бейберекет көріністің орнына жинақы, таза орта қалыптаса бастағаны бірден байқалды.

Бұл күні шараға барлығы 30-ға жуық адам қатысып, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Бір күннің ішінде 1,5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді. Бұл – ауыл тұрғындарының бірлесіп атқарған еңбегінің нақты нәтижесі. Осындай көрсеткіштің өзі тазалық жұмыстарының қаншалықты маңызды екенін аңғартады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тек қоқыс жинау емес, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Өйткені тазалық бір реттік шарамен шектелмеуі тиіс. Әр адам өз ауласынан бастап, айналасын таза ұстауды әдетке айналдырса ғана мұндай жұмыстардың нәтижесі ұзақ сақталады.

Ақтам ауылында өткен бұл игі бастама тұрғындардың бірлік пен жауапкершілігін көрсетті. Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылдың көркеюіне оң әсерін тигізетіні анық.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ