Перейти к содержимому
Главная страница » Мүлікті қорғау – сақтықтан басталады

Мүлікті қорғау – сақтықтан басталады

Жеке мүліктің қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, азаматтардың күнделікті сақтық шараларын сақтауына да байланысты. Көп жағдайда ұрлық пен өзге де құқық бұзушылықтар қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алады. Сондықтан әр адам өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауы қажет. Үйден ұзақ уақытқа кеткенде есік-терезенің берік жабылғанына көз жеткізу, көлікті күзетілетін немесе жарықтандырылған жерге қою, бағалы заттарды көпшілікке көрсетпеу – құқық бұзушылықтың алдын алатын қарапайым, бірақ тиімді тәсілдер. Осындай сақтық көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алады. Бүгінде тұрғын үйлерде бейнебақылау камераларын орнату, домофон және дабыл жүйелерін пайдалану кеңінен қолға алынуда. Мұндай қауіпсіздік құралдары құқық бұзушылардың әрекетін шектеп қана қоймай, олардың дер кезінде анықталуына да мүмкіндік береді. Сонымен қатар көршілердің өзара ынтымақтастығының маңызы зор. Бір-бірінің үйіне жанашырлықпен қарап, күмәнді жағдайларды байқаса тиісті орындарға хабарлау – қауіпсіз ортаны қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі. Мүлікті қорғау – үлкен шығынның алдын алатын қарапайым сақтықтан басталады. Заң талаптарын сақтап, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырған қоғамда азаматтардың да сенімі артып, қоғамдық тәртіп те нығая түседі.

Құралбек СӘБИТОВ