Перейти к содержимому
Главная страница » Жауапкершіліктің жарқын үлгісі

Жауапкершіліктің жарқын үлгісі

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза бейсенбі» акциясы өткізілді. Оған облыс бойынша 22 мыңнан астам тұрғын қатысып, таңмен таласа тазалық жұмысына атсалысты. Игі шарада азаматтар қоршаған ортаға қамқорлық пен жауапкершілік сезімінің үлгісін көрсетті.

 Олардың қатарында қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, облыс әкімдігі мен мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер, тұрғындар бар. Нәтижесінде 510 тонна қоқыс шығарылып, 282 гектар аумақ тазартылды. Акция барысында қоғамдық орындар мен аулалардағы қоқыс жиналып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қайта өңделетін қалдық бөлек сұрыпталып, қалған қоқыс арнайы полигонға жіберілді.

Қонаев қаласында өткен сенбілікке облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, тазалық баршаның ортақ құндылығы екенін атап өтті.

– Өзіміз өмір сүретін елдімекендер мен қалалардың, туристік орындардың таза әрі жайлы болуы әрқайсымыздың жанашырлығымыз бен жауапкершілігімізге тікелей байланысты. Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

1 шілдеден бастап елдімекендерді абаттандыруға қатысты қағидалар жаңартылды. Соған сәйкес аумақтың санитарлық тазалығын сақтау және тұрғын үйдің іргелес 5 метр аумағын күтіп-ұстау міндеті заңды тұлғалармен қатар жеке тұрғындарға да жүктеледі. Осыған байланысты экоакциялар бұрынғыдан да жанданып жатыр. Бүгін біз апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» акциясын өткіздік. Облыстың түкпір-түкпінідегі тұрғындар бұл шараға бейжай қарамай, белсенділік танытты, – деді Марат Елеусізұлы.

Экологиялық акцияға үлес қосқандардың бірі – Қонаев қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы Санжар Сұлтан.

– Әр азаматтың тазалық шараларына атсалысуы маңызды. Себебі тәртіп пен тазалық ең әуелі өзімізден басталады. Қазір жастар әр сенбілікке үлкен жауапкершілікпен кіріседі. Өздері де түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырып, жұмыла жұмыс істейді. Мәселен, «Қауіпсіз жағалау», «Таза жағалау» сияқты акциялар соның айқын дәлелі. Бұл «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасымен де астасып жатыр. Қазіргі жастардың көзқарасы өзгеше, сондықтан оларды қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті сақтауға жаңа тәсілдер арқылы баулу маңызды деп ойлаймын, – деді ол.

Жыл басынан бері өңірде 25 облыстық сенбілік өткізілді. Оған 567 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде 13 мың тонна қоқыс шығарылып, 7701 гектар аумақ тазартылды. 103 мыңнан астым көшет отырғызылып, 3500-ге жуық техника жұмылдырылды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғаспақ.

Гүлзат БАЙҚОНЫС