Қазір нашақорлық мәселесі көпшілікті алаңдатып отыр. Бұл жай ғана біреудің жеке таңдауы сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде оның салдары өте ауыр. Есірткіге тәуелді болған адам тек өз өмірін емес, жанындағы жақындарының да тыныштығын бұзады. Денсаулық нашарлайды, өмірге деген қызығушылық жоғалады, ал болашақ бұлыңғыр болып кетеді.
Көп жағдайда бәрі жай ғана қызығушылықтан немесе «бір рет көріп көрейін» деген ойдан басталады. Бірақ сол бір қадам кейін үлкен өкінішке айналуы мүмкін. Өйткені есірткіге тәуелділік тез қалыптасады, ал одан құтылу өте қиын.
Жастар үшін бұл мәселе тіпті маңызды. Себебі дәл осы кезеңде адам өз жолын таңдайды, армандарын құрады, мақсат қояды. Осындай уақытта дұрыс бағыттан адасу – өмірдің бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан әрқайсысымыз өз таңдауымызға мұқият қарауымыз керек.
Негізінде, бос уақытты дұрыс өткізу – көп нәрсенің алдын алады. Спортпен айналысу, білім алу, жаңа нәрселер үйрену, пайдалы ортада жүру – бәрі адамның өзін дамытуға көмектеседі. Жақсы достар мен дұрыс орта да өте маңызды. Адам қай ортада жүрсе, соған қарай қалыптасады.
Есірткі ешқашан мәселені шешпейді. Керісінше, оны көбейтеді. Ол уақытша ғана әсер береді, бірақ артынан үлкен қиындықтарға алып келеді. Сондықтан мұндай нәрселерден саналы түрде бас тарту керек.
Егер айналаңызда қиын жағдайға тап болған адамдар болса, оларды сыртқа теппей, қолдау көрсеткен дұрыс. Кейде бір жылы сөздің өзі үлкен көмек болады.
Бүгін дұрыс шешім қабылдау – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Әркім өз өміріне жауапты екенін ұмытпайық.
Бірге дұрыс жолды таңдайық, нашақорлыққа жол бермейік!
Гүлшат МУРТУЗАЕВА,
Ұйғыр аудандық жастар
ресурстық орталығының жетекшісі

