Перейти к содержимому
Главная страница » Жеке мүлік – әр адамның қорғалуы тиіс құқығы

Жеке мүлік – әр адамның қорғалуы тиіс құқығы

Әр адамның өз еңбегімен тапқан мүлкі бар. Ол – үйі, көлігі, жеке заттары немесе басқа да құндылықтары болуы мүмкін. Осындай мүлікке қол сұғылмауы – заңмен қорғалатын негізгі құқықтардың бірі. Яғни, ешкімнің басқа біреудің дүниесіне рұқсатсыз тиіспеуі керек.

Бірақ, өкінішке қарай, кейде мүлікке қатысты құқық бұзушылықтар кездесіп жатады. Ұрлық, алаяқтық сияқты жағдайлар адамдарға тек материалдық шығын ғана емес, психологиялық тұрғыдан да әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу өте маңызды.

Бұл жерде әр адамның өз жауапкершілігі бар. Мысалы, үйді қараусыз қалдырмау, есік-терезені мұқият жабу, бейнебақылау немесе дабыл жүйелерін орнату сияқты қарапайым сақтық шараларының өзі көп көмектеседі. Қазіргі заманда түрлі қауіпсіздік құралдары бар, соларды дұрыс пайдалану да маңызды.

Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықтың да рөлі зор. Әр адам өз құқығын біліп, оны қорғай алуы керек. Егер қандай да бір күмәнді жағдай байқалса, оны елемей қалдырмай, дер кезінде тиісті органдарға хабарлаған жөн. Бұл тек өз мүлкіңізді ғана емес, айналадағы адамдардың да қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі.

Мүліктің қауіпсіздігі – тек бір адамның мәселесі емес. Бұл – қоғамға ортақ мәселе. Мемлекет, құқық қорғау органдары және қарапайым азаматтар бірлесе әрекет еткенде ғана оң нәтиже болады.

Сондықтан әрқайсысымыз өз мүлкімізге жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздікке бейжай қарамайық. Қарапайым сақтық – үлкен қиындықтың алдын алады.

Нұргүл ТҰРСЫНОВА, заңгер