«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Үлкен Ақсу ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны М.Ахметов, Үлкен Ақсу ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Г.Миталипова және Үлкен Ақсу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Н.Тұрғанжан бірлесіп Кіші Ақсу ауылы орта мектебінің жасөспірімдерімен кездесу өткізді. Кездесуге жоғары сынып оқушылары мен ұстаздар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі құралдарының адам денсаулығына, болашағына және қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Кездесу барысында жастарға заң талаптары түсіндіріліп, зиянды әдеттерден аулақ болып, білімге ұмтылу, бос уақытты тиімді пайдалану және жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар ұстаздардың да оқушылар үшін мойындарына зор жауапкершілік артылғаны, қандай да бір жағдайлар болған кезде жасырып-жаппай, бірден құзырлы орындарға хабарлап, мәселенің шешімін ұлғаймай тұрған сәтте шешуді сұрады. Кей кезде кішігірім бұзақылықты өздері шешуге тырысқанмен, арты орны толмас қайғыға әкеліп жатады. Дәл осындай оқиғалардан нақты мысалдар келтірген полиция инспекторы бала тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты екенін тағы екшеп айтты. Жиында оқушылар тарапынан да сауалдар көп болды. Ал мамандар барынша жасөспірімдердің сауалдарына қанағаттанарлықтай жауап беруге тырысты.
Осындай профилактикалық іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қауіпсіз әрі саналы өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

