Перейти к содержимому
Главная страница » Жемқорлықсыз қоғам – біздің таңдауымыз

Жемқорлықсыз қоғам – біздің таңдауымыз

Шонжы ауылында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары өтті. Бұл бастаманы ауыл жастары қолға алып, тұрғындармен тікелей кездесіп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар туралы ашық әңгіме жүргізді.

Жастар әсіресе егде жастағы азаматтармен көбірек сөйлесті. Үлкен кісілер кейде өз құқықтарын толық біле бермейтінін ескеріп, оларға түсінікті тілмен бағыт-бағдар беруге тырысты. Күмәнді жағдай туындаса, қайда жүгіну керек, қандай әрекет жасау қажет – осының бәрі жеке-жеке түсіндірілді.

Сонымен қатар, кейбір қызмет көрсетуші мекемелерде орынсыз сылтаулар айтып, қажетсіз құжаттар сұрау арқылы адамдарды әуре-сарсаңға салатын жағдайлар да сөз болды. Мұндай кезде не істеу керек, кімге хабарласуға болады, өз құқығыңды қалай қорғауға болады? Осы мәселелер де сөз болды.

Іс-шара барысында орталық базар маңында, аудандық аурухана жанында және әкімшілік ғимараттар алдында тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратылды. Жалпы саны 300-ге жуық жадынама үлестірілді. Онда сыбайлас жемқорлыққа қатысты күмәнді жағдайлар туындаса, әрекет ету жолдары қарапайым тілмен жазылған.

Тіпті тұрғындар сұрақтарын қойып, өз ойларымен де бөлісті. Кейбірі күнделікті өмірде кездескен жағдайларын айтып, пікір алмасты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Себебі әділдік пен ашықтық әркімнің өзінен басталады.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ