Қонаев қаласында алдағы саяси науқанға дайындық барысы пысықталды. Осы орайда Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан құрылған жұмысшы тобы мен мүгедектігі бар азаматтар Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында орналасқан №947 сайлау учаскесіне барып, көру, есту және тірек-қимыл қозғалысы бұзылған азаматтарға жасалатын жағдайға баса назар аударды.
Бұл іс-шараға І топ мүгедектігі бар қала тұрғыны Қайрат Жұмабайұлы да қатысты. Ол талай жылдан бері мүгедектігі бар азамат ретінде барлық сайлауға тұрақты қатысып келе жатқанын айтады.
«Сайлауға қатысу – азаматтық парызым. Сондықтан әрбір сайлауда өз таңдауымды жасап, дауыс беремін. Биылғы саяси науқанға да міндетті түрде қатысамын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына куә болып тұрмын, – деді ол.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, барлық сайлау учаскесінің заңнама талаптарына сәйкестігі және қолжетімділік стандарттарының сақталуы тұрақты бақылауда. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз кіріп-шығуы мен дауыс беруіне қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілген.
– Алматы облысында сайлауды ұйымдастыру және өткізуге 683 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Сайлау комиссияларының маңызды міндеттерінің бірі – әрбір азаматтың сайлау құқығын толық қамтамасыз ету. Осыған байланысты мүгедектігі бар азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалуда. Атап айтқанда, сайлау учаскелеріне пандустар орнатылып, қажет болған жағдайда арнайы кіреберістер қарастырылған. Арба пайдаланатын азаматтарға ыңғайлы дауыс беру кабиналары мен үстелдер қойылған. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін Брайль қарпімен дайындалған ақпараттық материалдар мен арнайы трафареттер қолданылады. Ал есту қабілеті бұзылған адамдарға қажетті жағдайда сурдоаудармашылардың көмегі ұсынылады. Сонымен қатар, өз бетінше бюллетеньді толтыра алмайтын азаматтар өздері сенім білдірген адамның көмегіне жүгіне алады. Бұл ретте дауыс берудің құпиялығы мен заң талаптарының сақталуына ерекше мән беріледі. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін сайлаушы алдын ала өтініш берсе, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы тасымалданатын жәшікпен оның тұрғылықты жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады. Қазір облыста 2122 мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген. Олардың сайлауға еш кедергісіз қатысуына жағдай жасау – әділ әрі инклюзивті қоғам қалыптастырудың басты көрсеткіштерінің бірі. Осыған орай» «Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары» тақырыбындағы курстан сайлау комиссияларының мүшелері толық өтіп, серитификат алды. Азаматтардың уақытша болатын орындарындағы сайлау учаскелерінің дайындығы да ерекше бақылауда, – дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Айдын Бексұлтанов.
Ерзат АСЫЛ

