Перейти к содержимому
Главная страница »  Бала қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

 Бала қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

    Іле ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдермен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарды күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Аудан әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда балалар қауіпсіздігіне қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді.

    Жиынға аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов төрағалық етті. Сондай-ақ басқосуға аудан прокуроры Бауыржан Түлендинов, аудандық полиция басқармасының бастығы Ертіс Тоқтаров, Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын, Боралдай кенті мен ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары мен психологтары қатысты.

    Жиынның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың себептерін саралап қана қоймай, оның алдын алудың нақты тетіктерін айқындау, ата-ана, мектеп, полиция және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара байланысты күшейту.

     Отырысты ашқан аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселесі әрдайым ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағында жасөспірімдер арасында төрт суицидке ұмтылу фактісі тіркелген. Соның ішінде екеуімен түсіндіру жұмыстары аяқталған. Бұл көрсеткіштер балалармен жүргізілетін профилактикалық жұмысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін көрсетеді.

     – Мектептерде алдын алу шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылғанымен, ата-аналардың жеке бастамасымен өткізілетін іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігіне қатысты белгілі бір тәуекелдер сақталып отыр. Осыған байланысты ата-аналардың жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, балалардың қатысуымен өтетін кез келген іс-шараны ұйымдастыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру маңызды. Өйткені бала қауіпсіздігі тек мектептің немесе полицияның міндеті емес. Бұл – ең алдымен отбасының, ата-ананың, білім беру ұйымының және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі, – деді аудан әкімі.

     Комиссия отырысында Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, буллинг, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүру және интернеттегі қауіп-қатерлер қазіргі қоғам үшін өзекті мәселеге айналғанын айтты.

      Оның пікірінше, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тек есеп беру немесе баяндама жасаумен шектелмеуі керек. Нәтиже нақты әрекет арқылы көрінуі тиіс. Осы бағытта бірнеше маңызды ұсыныс айтылды. Соның бірі – түнгі бақылауды күшейту.

    – Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, сағат 22:00-ден кейін көшелерде, компьютерлік клубтарда, саябақтарда және басқа да қоғамдық орындарда ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Мұндай рейдтердің мақсаты – баланы жазалау емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-ананың жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар мектептерде буллинг пен психологиялық қысымға тап болған балалардың өз мәселесін ашық айтуына мүмкіндік беретін анонимді шағымдану арналарының болуы маңызды. QR-код арқылы өтініш қабылдау жүйесін енгізу, сенім жәшіктерінің жұмысын жандандыру арқылы оқушыларға қауіпсіз орта қалыптастыруға болады. Баланың мектеп қабырғасында өзін қауіпсіз сезінуі – оның оқуына, психологиялық жағдайына және болашаққа деген сеніміне тікелей әсер етеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде техникалық құралдардың да маңызы зор. Білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камералары, турникеттер мен дабыл батырмаларының тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі – қауіптің алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Сондай-ақ тәуекел тобындағы немесе профилактикалық есепте тұрған әрбір жасөспірім назардан тыс қалмауы қажет. Мұнымен қатар ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды. Мектептерде тоқсан сайын ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бала тәрбиесіне қатысты заң талаптары мен ата-ананың жауапкершілігі нақты түсіндірілгені жөн, – деп атап өтті Дәулет Шайтұрсынұлы.

     Отырыста аудандық полиция басқармасының бастығы Ертіс Тоқтаров жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қазіргі ахуалы туралы баяндама жасады.

    – Іле ауданында бүгінде 43 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 62 180 оқушы білім алады. Сонымен қатар ауданда төрт колледж жұмыс істейді, оларда 1 450 студент білім алуда. Бұдан бөлек, 16 жекеменшік мектеп бар. Кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізетін ювеналдық полиция тобының штаттық құрамы 14 қызметкерден тұрады. 2026 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 42 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 37 болған. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы жыныстық сипаттағы қылмыстардың өсуі алаңдатады. Биыл мұндай 17 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 болған. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бері Іле ауданында кәмелетке толмағандар жасаған жеті қылмыс тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш төрт болған. Тағы бір алаңдатарлық мәселе – балалардың із-түссіз жоғалуы. Жыл басынан бері осындай бес жағдай тіркелгенімен, барлық жасөспірім аман-есен табылды, – деді Ертіс Еркінұлы.

     Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда ата-ананың жауапкершілігі ерекше орын алады. Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Іле ауданында 968 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылғы 754 көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Оның ішінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 323 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы бойынша 482 әкімшілік іс тіркелген. Бұл – ата-аналардың балалардың кешкі және түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді. Сонымен бірге кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылық бойынша 60 жағдай тіркелсе, заңда тыйым салынған орындарда қыздырылатын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға байланысты бес жағдай анықталған. Полиция басқармасы тарапынан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

      – Жыл басынан бері мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне 96 профилактикалық дәріс өткізілген. Оның ішінде салауатты өмір салты, электронды темекінің зияны, есірткіге қарсы күрес, кәмелетке толмағандардың заңды жауапкершілігі, ерте жүктіліктің алдын алу, буллинг және басқа да маңызды тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Демалыс», «Бала түнгі қалада» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мектептерде құқықтық және әлеуметтік бағыттағы түсіндіру дәрістері тұрақты түрде өткізіліп, полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының өкілдері бірлесіп жұмыс жүргізуде, – деді Бауыржан Рамазанұлы.

      Бала қауіпсіздігі – полицияның ғана міндеті емес. Мектеп баланың білім алуына жағдай жасаса, отбасы оның тәрбиесі мен мінез-құлқына жауап береді. Психолог баланың ішкі мәселесін анықтап, қолдау көрсетсе, мемлекеттік органдар қауіпсіз орта қалыптастыруға жағдай жасайды. «Заң мен тәртіп» қағидаты, ең алдымен құқықбұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етуді емес, оның алдын алуды көздейді. Әсіресе балаға қатысты мәселеде профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Жасөспірімнің бір оғаш қылығын дер кезінде байқап, онымен сөйлесу, отбасымен байланысу немесе психолог көмегіне жүгіну кейде орны толмас жағдайдың алдын алуы мүмкін. Сондықтан Іле ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіле бермек.

Баланың қауіпсіздігі – бүгінгі күннің ғана емес, елдің ертеңіне қатысты мәселе. Өйткені қауіпсіз ортада тәрбиеленген, құқығы қорғалған және өз мәселесін еркін айта алатын бала ғана болашаққа сеніммен қадам басады. Ал заң мен тәртіпті сақтау – сол болашақты қорғаудың басты шарты.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

Іле ауданы