Алматы облысының көрікті табиғаты жыл сайын мыңдаған туристі өзіне тартып келеді. Солардың бірі – Іле Алатауының баурайында орналасқан Мәншүк көлі. Биік таулардың құшағында жатқан бұл көл табиғаттың ерекше сыйы ғана емес, ел тарихымен астасқан қасиетті орындардың бірі саналады. Мұнда келген әрбір жан мөлдір суға, самал желге, қалың шырша орманына тамсанып қана қоймай, Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының Батыры атанған қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есімін ұлықтайтын ерекше атмосфераны сезінеді.
Мәншүк көлі теңіз деңгейінен шамамен 2 900 метр биіктікте орналасқан. Көлге жету үшін туристер Шымбұлақтан бастап таулы соқпақпен бірнеше сағат жаяу жүреді. Жол бойында табиғаттың сан түрлі көріністері көздің жауын алады. Құз-жартастар, сарқырап аққан тау өзендері, қылқан жапырақты орман мен альпі шалғындары жаяу саяхаттың әр қадамын ерекше әсерге бөлейді.
Көлдің айдыны аса үлкен болмаса да, оның табиғи сұлулығы ешкімді бейжай қалдырмайды. Ашық күндері көл суы көгілдір аспанды айнадай бейнелеп, айналасындағы асқар шыңдармен үйлесім табады. Таңғы уақытта тау бөктерін ақ тұман көмкерсе, кешкісін күннің қызғылт сәулесі көл бетіне ерекше реңк береді. Сондықтан бұл мекен фотографтар мен бейнежазба түсірушілердің де сүйікті орнына айналған.
Экологиялық туризмнің дамуына байланысты соңғы жылдары бұл бағытқа қызығушылық артып келеді. Табиғатты сүйетін жандар мұнда тынығумен қатар, таза ауамен тыныстап, қаланың қарбалас тіршілігінен бой сергітеді. Әсіресе жастар мен шетелдік саяхатшылар арасында тауға жаяу серуендеу бағыты кеңінен танымал бола бастаған.
Туристердің айтуынша, Мәншүк көліне апаратын жолдың өзі ұмытылмас әсер сыйлайды. Астанадан келген турист Нұрдәулет Әбілов бұл бағыттың жастар арасында кеңінен насихатталуы қажет екенін айтады.
– Қазақстанда осындай әсем жерлер көп екенін бәрі біле бермейді. Біз көбіне шетелге шығуға ұмтыламыз. Ал өз еліміздегі табиғаттың өзі таңғалдырады. Мәншүк көлі – міндетті түрде көруге тұрарлық орындардың бірі. Бұл жер тек демалыс емес, рухани тынығуға мүмкіндік береді, – дейді ол. Сонымен қатар шетелдік туристер де бұл орынға ерекше қызығушылық танытады. Германиядан келген саяхатшы Сара Мюллер Қазақстанның таулы табиғатына жоғары баға берді.
– Мен көптеген елдің тауларында болдым. Бірақ Қазақстандағы табиғатқа тамсандым. Көлдің тыныштығы мен айналасындағы көрініс адамға керемет сезім сыйлайды. Осындай жерлерді болашақ ұрпақ үшін қорғау өте маңызды.
Туризм мамандарының айтуынша, мұндай табиғи нысандар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан саяхатшыларға белгіленген бағытпен жүру, өсімдіктерге зиян келтірмеу, от жақпау және қоқысты өзімен бірге алып кету секілді қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады.
Мәншүк көлі – табиғаттың көркемдігін, тарихтың тағылымын және таудың тылсым тыныштығын бір арнаға тоғыстырған ерекше мекен. Мұнда келген әрбір адам туған жердің әсемдігін жаңа қырынан танып, табиғатқа деген құрметін арттыра түседі. Осындай көрікті орындарды сақтау – тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені табиғат – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұра.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

