Перейти к содержимому
Главная страница » Жолбарыс жортқан мекен

Жолбарыс жортқан мекен

Бір кездері қазақ жерін еркін кезген Тұран жолбарысы дархан даламыздың айбыны болған. Өкінішке қарай, адам әрекетінің салдарынан бұл ерекше жыртқыш туған мекенінен біржола жоғалып кетті. Енді, міне, 70 жылдан кейін Қазақстанға жолбарыс қайта оралды. Жақында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Үміт есімді Амур жолбарысының аналығы жіберілді.

Жолбарыстың қазақ даласына қайта оралуы еліміздегі маңызды миссия­лардың бірі саналады. Кезінде «Іле-Балқаш» табиғи резерватында аумақтық сарапшы ретінде қызмет атқарған белгілі қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбековтің айтуынша, бұл – тек бір жануарды қалпына келтіру емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды экологиялық жоба. Оның сөзінше, жолбарыстарды жерсіндіру үшін «Іле-Балқаш» мем­лекеттік табиғи резерватының таңдалуы да өзіндік мәнге ие. Өйткені Іле өзенінің алабы мен Балқаш көлінің жағалауын қамтитын бұл бірегей табиғи кешен Орталық Азиядағы сақталып қалған соңғы тұтас өзен алқабы саналады. Алайда ғалымдар Балқаш көлінің Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін екенін ескертуде. Балқаш көлі тұрақсыз суару мен Қапшағай су қоймасының салынуына байланысты тартылып барады.
Бір кездері Тұран жолбарысы мекендеген бұл аймақтың экожүйесі бүгінде үлкен қатер алдында тұр, оны сақтап қалу аса маңызды. «Алғашында жобаны Қызылорда өңірінде – жойылып кеткен Тұран жолбарысының бұрынғы мекенінде бастауды жоспарлаған едік. Алайда жан-жақты сараптамадан кейін Балқаш ең қолайлы өңір ретінде таңдалды. 2010 жылы жабайы жануарлардың дүниежүзілік қорының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімшесі жиналыс өткізіп, Ресейден Қазақстанға Амур жолбарысын беру туралы келісімшартқа қол қойылды. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастық арқасында екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы «Святого льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілді. Бұл – Тұран жолбарысын қалпына келтірудің алғышарты. Әрине, Тұран жолбарысы туралы айтылатын аңыз көп. Бір әңгімеде Тұран жолбарысы 1939 жылы атылған дейді, енді бірі 1946 жылы Балқаш көлінің маңынан ізі көрінгенін айтады. Оның анық-қанығын ешкім білмейді. Бірақ Тұран жолбарысының соңғы тұяғы 1978 жылы немістің зообағында өліп, содан жойылған деген дерек те бар. Ал 2024 жылы жолбарыстарға арналған 10 га жер қоршалып, бес бөлікке бөлінді. Оларды мамандар арнайы монитор арқылы қадағалап отырды. Жолбарыстарға жейтін 4 келі етті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әкеп береді. Кейін 60 құлан апардық. Одан бөлек, тоғай бұғысы 260-қа жетті. Ғалымдар анықтағандай, Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Сондықтан Амур жолбарысы мекен еткен табиғаты, климат белдеуі бізге сәйкес келеді. Мұндағы басты мақсат – Орталық Азияда жойылып бара жатқан Тұран жолбарысын қалпына келтіру», –дейді Тынышбай Досымбекұлы.
Деректерге үңілсек, биыл мамыр айында Ресей Федерациясының Хабаровск өлкесіндегі жабайы табиғаттан ұсталған төрт Амур жолбарысы Қазақстанға әкелінді. Осылайша резерваттағы жолбарыстар саны алтыға жетті. Ал 31 шілдеде алты жолбарыстың ішінен Үміт есімді аналық алғаш рет арнайы қоршаудан шығарылып, табиғи ортаға жіберілді.
Жобаның табысты болу-болмауы жөнінде әртүрлі пікір бар. Ресми мониторинг деректері оң нәтижеге үмітті. Оған себеп те жоқ емес. Резерват аумағында жолбарыстың негізгі қорегі саналатын жабайы қабандар мен басқа тұяқты жануарлар саны 2018-2024 жылдар аралығында айтарлықтай өскен. Осы кезеңде қорыққа 200-ден астам тоғай бұғысы мен 100-ден астам құлан көшірілді. Кәсіби мамандардың пікірінше, резерваттағы жануарлардың тығыздығы жолбарыстың тіршілік етуіне жеткілікті деңгейге жақындап қалған сыңайлы.

Ерзат АСЫЛ

Балқаш ауданы