Ауыл – тіршілік тамыры. Ал сол тамырдың соғысы бәсеңдесе, бүкіл ағзаның әлсірейтіні анық. Бүгінде еліміздегі аграрлық салаға қарасаңыз, бір жағынан үміт оты маздаса, екінші жағынан, алаңдатарлық түйткілдер де аз емес. Ал Ұйғыр ауданының ауыл шаруашылығы саласына қатысты соңғы деректері сізді осы екіұдай күйден арылтады. Қарап отырсаңыз, аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Мыңдаған адам осы салада еңбек етіп, ел ырысын еселеуге үлес қосып келеді. Жыл сайын өндіріс көлемінің өсуі де – соның дәлелі. Алайда сандық көрсеткіштердің артуы сапалық серпіліспен толық қабысып жатыр ма? Мәселенің мәнісін біршама талдап көрсек.
Бақ – ауданның бағы
Осы жыл Қарадаланың шаруалары үшін өнімді жыл болды. Оны аудан басшылығы да, дала жұмысында тер төгіп жүрген тұрғындар да жоққа шығармайды. Жарты жылдың өзінде көрсеткіш еселеп өсті. Табыс молайды. Тіршілік етуге деген талпыныс та артты.
Өрік өлкесі ретінде республикаға танымал Қарадала аймағы биыл да бақ шаруашылығын дамытуды назардан тыс қалдырмады. Республика көлеміндегі өрік бағының 62 пайызы біздің ауданда екенінің өзі көңіл қуантады. Ал бұл – еліміз бойынша алдыңғы орын. Сондықтан да бақ шаруашылығы аудан үшін стратегиялық маңызды бағыт болып табылады. Тұрақты даму үстіндегі бұл сала – аудан экономикасының экспорттық әлеуетін айқындайтын негізгі факторлардың да бірі. Жалпы аудан бойынша бақ көлемі 4095 гектарды алып жатыр. Оның ішіндегі 3193 гектары – өрік бағы. Бүгінде сол 3 мың гектардан астам аумақтың 2145 гектары нақты өнім беріп тұр. Ал қалған 902 гектар аумақта алма өсірілуде. Мұнда да алманың түрлі сорты қамтылған.
Жемістердің өнімділігі ауа райының қолайлылығына да байланысты болады. Биыл көктемгі ауа райының күрт өзгерісі салдарынан өнім беріп тұрған бақтың 30 пайызы үсікке шалдығып, шаруаларды табыстан қақты. Дегенмен соның өзінде ауданда биыл 15 мың тоннаға жуық өрік жиналды. Жиналған өнімнің 75 пайызы ішкі нарықты қамтыса, қалған 25 пайызы көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталды. Яғни Қарадаланың брендіне айналып, бағы болып тұрған бақ шаруашылығы ауданда жыл сайын дамуда. Жыл сайын жүздеген гектар жаңа талдар егіліп, Қарадала жасыл желекке айналып, бақ көлемі артуда.
Алып жүгері
3,5 метр биіктікте өскен жүгеріні көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, көргіңіз келсе, Қарадалаға келіңіз. Иә, Аспантаудың етегіндегі атырапта биыл егілген жүгерінің биіктігі 3,5 метрге жетті. Өнім де ойдағыдан асып түскелі тұр. Соңғы уақыттарда кез келген шаруаға жайлы, климаты келісті, топырағы құнарлы Қарадалаға инвестор болып, шаруасын дөңгелетуге құштар азаматтар саны артуда. «Assem Kaljat» ЖШС – солардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі су үнемдеу технологиясын енгізуді тапсырып, оны пайдаланған шаруаларға жеңілдіктер мен қолдаулар көрсетуді ұдайы айтып отырады. Оған арнайы тапсырма да берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ұйғыр ауданында да ауқымды жұмыстар қолға алынған еді.
Биыл аудан бойынша жалпы егіс көлемі 26170 гектар болып тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әжептәуір жоғары. Сандармен саралап көрелік. 2025 жылы дәнді және масақты дәнді дақылдар 7 696 мың гектар болса, биыл бұл сандар 11080-ға жеткен. Ал жүгері алқабы өткен жылға қарағанда 3000 гектардан артық аумаққа егілді. Су үнемдеу технологиясын пайдаланатын шаруалар саны да артқан.
Осы бағытта «Assem Kaljat» ЖШС инвесторы есебінен ауқымды жоба іске асырылып, 2 487 гектар жайылымдық жердің нысаналы мақсаты егістікке ауыстырылып, заманауи суару жүйелері орнатылды. Нәтижесінде ауданның жүгері алқабы 9 090 гектарға ұлғайды. Бұл заманауи технология өнім көлемін 158%-ға дейін арттыруға және орташа өнімділікті әр гектары на 100 центнерге жеткізуге мүмкіндік береді, бұл облыстық орташа көрсеткіштен (72 ц/га) гектарына 28,0 центнерге жоғары.
Осы интенсивті тәсілдің арқасында биыл барлық жүгері алқабынан рекордтық деңгейде, яғни 73,4 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артпақ.
Шаруалардың жаз бойғы еңбегінің өтеуі – сапалы әрі көлемді өнім. Бірақ кей кездерде сол өндірілген өнімді өткізе алмай еңбектің далаға кететін сәттері де болады. Мұндайда ащы тердің ақысын ақтай алмай, қиындыққа тап болатын да тек шаруалар. Осындай олқылықты болдырмау мақсатында аудан басшылары өндірілетін өнімнің алушысын да алдын ала жоспарлап қойыпты. Аудан әкімінің орынбасары Самат Шайытханұлының айтуынша, жиналатын жүгері өнімінің 52 мың тоннасы немесе 73%-ы ішкі қажеттілікті өтеуге, атап айтқанда, «Прима Құс» ЖШС (12 мың тонна, толық қуатта 20 мың тонна) және «OTAN GREEN FOOD» ЖШС (12 мың тонна) құс фабрикаларының, сондай-ақ мал бордақылау алаңдарының (20 мың тонна) тапсырысын қанағаттандырмақ. Қалған өнімге де сұраныс бар. Енді тек жаздайғы маңдай тердің өтеуін шаруалар күзде шашау түсірмей жинап алса болғаны…
Болашаққа бағдар
Қарадала төсіндегі шаруалардың шаруасын дөңгелету мақсатында алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың жоспары да жасалған. Бұл турасында Самат Шайытханұлы кеңінен таныстырды.
Инвестициялық жобалар аясында биыл 3 637 гектар алқапты суармалы егістікке ауыстыру жоспарланған екен. Бүгінде 2487 га алқапты бойынша жұмыстар аяқталса, 150 гектар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар 2026-2028 жылдары жалпы көлемі 17 187 га жайылымдық алқапты суармалы егістікке ауыстыру жоспарланып отыр.
Ислам даму банкі арқылы суару желілеріне жасалатын күрделі жөндеу жұмыстары арқасында 6396 гектар алқапты қайта айналымға қосу да көзделген. Бүгінгі күнге аталған жобалық-сметалық және келісімдік құжаттамалар Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен толықтай келісілген. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыруды бастау және құрылыс-жөндеу жұмыстарына кірісу үшін соңғы заңнамалық рәсімдер ғана қалып отыр екен. Бұл жұмыстар жүзеге асырылған соң ауданның егіс алқабы ағымдағы 24 100 гектардан 45 196 гектарға дейін ұлғайып, 1,9 еселік өсім қамтамасыз етілмек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2028 жылға қарай аудан бойынша 19 790 гектар алқапты су үнемдеу технологиясына көшіру де жоспарланып отыр. Ал осыдан екі жыл бұрын, яғни 2024 жылы ауданда небәрі 450 гектар жер ғана тамшылатып суару әдісімен пайдаланылған болатын.
Түйін:
Жоғарыдағы сандарға қарап, Ұйғыр ауданының ауыл шаруашылығы саласы бүгінде тұрақты даму жолына түскенін анық байқауға болады. Табиғаттың тосын мінезі мен нарықтағы қиындықтарға қарамастан жүйелі жоспарлау, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу өз нәтижесін беруде. Бақ шаруашылығы мен егіншілік бағытындағы нақты көрсеткіштер ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Ең бастысы, өнім өндірумен қатар оны тиімді өткізу тетіктерінің де қарастырылуы шаруалардың еңбегін ақтауға жол ашып отыр. Ал алдағы жылдарға жоспарланған ірі жобалар мен су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бастамалары Қарадала өңірін ауыл шаруашылығының жаңа деңгейіне көтерері сөзсіз. Демек, еңбек пен ізденіс қатар жүрген жерде өркендеу де, береке де болмақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы

