Перейти к содержимому
Главная страница » Халықпен кездесті

Халықпен кездесті

Талғар ауданының прокуроры Жайнарбек Мыңбаев ел ішінде «Лягушатник» аталып кеткен шағынаудан тұрғын­да­рымен кездескен еді. Ол кездесу 2026 жылдың 17 шілдесінде, сағат кешкі 19:30-ға белгіленді. Талғар ауданының проку­роры келетінін естіген жұрт «Прокурордың келуі үлкен жаңалық қой» десіп, ризашылықтарын білдірді. Өзіміз аудан, қала әкімдерінің кездесуін сирек көріп жатамыз, ал аудан прокурорының келуін бірінші рет байқап, бұл игі істі жақсы жаңалыққа жорыдық.

Кездесу жайлы естіген жұрттың таңғалысынан бұрын күмәні көп болды. Көптің көкейінде «Депутаттар сияқты «келемін» деп уәде беріп, келмей қалмай ма?» деген сұрақ менмұндалап тұрды. Біршама жұрт «Неге күндіз емес, неге кешкі сағат 19:30-да?!» десті. Бірақ айтылған күнде, айтылған уақытта прокурор мырза келді. Мен аудан прокуроры Жайнарбек Мыңбаевты осыдан 10 жыл бұрын өртеніп кеткен, қазіргі кезде бұралқы иттер мен мысықтардың, маскүнемдер мен нашақорлардың ошағы болған жерде күтіп алып, қазіргі кезде үйіндіге айналған жерді көрсетіп, ары қарай халық жиналған орынға жеттік. Біз Айвазовский-Достаевский көшелерінің қиылысындағы балалар ойын алаңына келгенде, алакөлеңке болып, қараңғы түсе бастаған еді. Ойын алаңы толған бала-шаға. Былтыр салынған ойын алаңында 30-ға жуық бала мәз-мейрам болып ойнап жүр. Бірақ келген адамның қуанышы су сепкендей басылады. Өйткені жаңадан салынса да, темір әткеншектері арамен қиылып, майысқан, егіліп қойылған алма ағаштарының бұтақтары сынған, осыдан 20-30 жыл бұрын салынған ойын алаңына ұқсайды. 30-ға жуық ересек аудан прокурорына өз сұрақтарын қоюға жиналды. Өздерінің таңғалыстарын білдіріп, прокурордың неге сағат кешкі 19:30-да келгенін сұрады. Аудан прокуроры сәл жымиып: «Менің кеш келгенім, көше бойындағы жарықтар жана ма, жанбай ма, көргім келді», – деді. Одан кейін сәл үнсіздік сақтап: «Қылмыстың барлығы түнде, қараңғы жерде жасалады ғой», – деп ары қарай мақсатын түсіндірді. «Қазіргі менің мақсатым – осы Талғар қаласында, басқа ауылдық округтерде, адам көп жүретін жерлерді, балалар ойын аландарында жарық пен бейнекамералардың болуын қадағалап, әкімшілікке тапсырма беру», – деді ол. Жиналған халық Уфимский көшесінің жартысында, Түркістан көшесінде жарықтардың жоқтығын айтты. «Екінші мәселе, – деді сөз алған тұрғын, – бізде мотоцикл мен мопед тізгіндегендер өте көп. 12-13 жастағы балалар сағат кешкі 19:00-ден кейін, қараңғы түсе үлкен жылдамдықпен жүре бастайды. Бұл – өте қауіпті, өздері үшін де, балалар үшін де! Осы мәселені заң аясында реттеп, шара қолдансаңыздар». Екінші тұрғын учаскелік инспекторлардың жасөспірімдермен жұмыс жүргізбейтінін, уақытында келмейтінін, 102-ге хабарласса, бір күннен кейін әзер жететінін айтты. Тағы бір тұрғын: «Мысалы, жақында осы ойын алаңындағы темірден жасалған әткеншекті сындырып, майыстырып кетті. Біз 102-ге хабарласып, учаскелік инспекторды шақырттық. Бірақ ол инспектор ертеңіне бір-ақ келді. Осындай келеңсіз оқиғалар ащы су ішкендермен де кездесіп тұрады. Учаскелік инспекторлардың жұмысына мән берсеңіздер», – деген уәж айтты.
Талғар ауданының прокуроры өзімен аудандық полиция басшысының учаскелік инспекторлар жөніндегі орынбасары келгенін және осы өңірге жауапты инспектор қатысып тұрғанын жеткізді. Аудан прокурорына басқа да сұрақтар қойылды. Прокурор барлық сұраққа жауап беріп, көмекшісіне жазып алуды және осы сұрақтарды аудан әкіміне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына жеткізетінін айтты.
Кездесуде шағынаудан аумағында автобус аялдамасының жоқтығы, ағаш бұтақтарының кесілмейтіндігі туралы сөз болды. Артық өскен ағаш бұтақтары қыстың күні автокөліктердің жүруіне және жарықтың жиі сөнуіне әсер етеді. Осыдан 20 жыл бұрын сел кезінде салынған үлкен арнаға сол кезде миллиондаған қаражат жұмсалған еді, сол арна бүгінге дейін ешкімнің есебінде жоқ. Бірақ ақша жұмсалғаны, алынғаны анық. Қазіргі кезде су арнасы ешкімге қажеті жоқ, үлкен күл-қоқыс орны болып тұр. Жиында осындай мәселелер де көтерілді. Кездесу соңыңда өңір ақсақалы ретінде сөз алып, шағынаудан тұрғындары атынан прокурорға алғыс айтып, бүгінгі кездесу тарихи кездесу болғанын, өйткені аудан прокуроры тұрмақ, аудан, қала әкімдері халықпен кездесуден қашқақтайтынын айттық. Көпшілік алдында аудан прокурорының қадамын оң бағалап: «Сіздің келуіңіз, халықпен жүздесуіңіз, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, құлақ асып, күрделі мәселелерді шешуге көмек бергеніңіз – құптарлық іс. Келгеніңіз үшін тағы да көп рахмет. Мұны халықпен жақындасу деп білеміз», – дедік.
Кездесуде ең басты сұрақ учаскелік инспекторлардың жұмысымен байланысты өрбіді. «Қазіргі кезде жасөспірімдер ішімдікке, оның ішінде, сыраға, темекіге әуес болып барады. Олар түнде ғана емес, күндіз де «закладка» деген бәлеге әуестеніп алды. Сондықтан да сізден сұрайтынымыз, учаскелік инспекторлардың жұмысын қадағаласаңыздар және тіпті осында тұрған ғимараттың 1-қабатынан бос тұрған 60 шаршы метр жерді инспекторларға беруге дайынбыз. Учаскелік инспекторлар осында отырып, өздерінің жұмыстарын атқарса, нұр үстіне нұр болар еді», – деді кездесуге қатысушы тұрғындар.
Кездесу соңынан Талғар ауданының прокурорына тұрғындар алғысын білдіріп, мықты денсаулық, еңбегіне толағай табыс тіледі.

Бақтығали АЙЖІГІТОВ,
жазушы, қоғам қайраткері
Талғар ауданы