Перейти к содержимому
Главная страница » Ауқымды шаралар жалғасады

Ауқымды шаралар жалғасады

Жас ұрпақтың әлеуетін қолдау, бастамалары мен жетістіктерін дәріптеу, жастар саясатын дамыту бағытындағы маңызды күндердің бірінен саналатын Халықаралық жастар күніне орай облыс көлемінде ауқымды іс-шаралар легін қамтитын онкүндік ұйымдастырылып, өңір жастарына арналған түрлі жобалар мен бастамалар жүзеге асырылатын болады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов хабардар етті.

Баяндамашының айтуынша, онкүндік аясында облыстың 9 ауданы мен 2 қаласында зияткерлік ойындар, форумдар мен фестивальдер, экологиялық челлендждер, қайырымдылық акциялары және басқа да маңызды бастамаларды қамтитын 30-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Аталған шаралар Мемлекет басшысы айқындаған «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Оқитын ұлт», «Адал азамат» қағидаттарына негізделген.  Сондай-ақ жастардың цифрлық дағдыларын дамытуға, зияткерлік әлеуетін жетілдіруге, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігі мен заңға құрметін нығайтуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

–     Мерекелік іс-шаралар Абай күнінен бастау алады. Осы күні ұлы ойшылдың рухани мұрасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар танымдық шара ұйымдастырылады. Сонымен қатар жастардың сыни ойлау қабілеті мен шешендік өнерін дамыту мақсатында «Ziatker» пікірсайысшылар форумы, «Abai quiz» интеллектуалды ойыны өтеді. Барлық аудан мен қалаларды қамитын онкүндік шеңберінде «Халықаралық волонтерлер жылына» орайластырылған «Volunteer Fest» облыстық волонтерлер слеті және жастар ұйымдары мен көшбасшы жастарды бір арнаға тоғыстыратын «Jas Qadam» форумы жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өңір жастары арасында ұйымдастырылған «Digital Pro» жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнерүзінділер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Сонымен бірге екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған ауылдық округтердегі үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларға арналған «Umtylys» сыйлығын табыстау рәсімі өткізіледі, деді Мәди Абылайұлы.

20 мыңнан астам жасты қамту жоспарланған шаралар аясында ашық аспан астындағы кинокөрсетілімдер, спорттық турнирлер және жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жәрмеңкесімен жалғасын табады.

Бүгінде Алматы облысында 432 мыңнан астам жас тұрады. Бұл көрсеткіш өңір халқының шамамен 30 пайызын құрайды. Сондықтан жастарды қолдау – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірінен саналады.  

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ