Спортшылар арқанмен өрмелеп, биік қабырғалардан асып, лай мен суды еңсеріп, күш пен төзімділікті талап ететін түрлі кедергілерден өтті. Жарыс таулы жерде ұйымдастырылды.
Трассаның жекелеген учаскелерінде өңірдегі белсенді жастары кезекшілік етіп, спортшыларға көмектесті. Қажет болған жағдайда медицина қызметкерлеріне хабар беріп, қатысушыларды ауыз сумен қамтамасыз етті.
Ауыз су бөтелкелерінде 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпарат орналастырылды. Еріктілер қатысушылар мен қонақтардың сайлауға қатысты сұрақтарына да жауап берді. Осылайша, ауқымды спорттық шара тұрғындар мен өңір қонақтарын алдағы сайлау туралы ақпараттандырудың қосымша алаңына айналды.
Жарыстың негізгі қашықтықтары 5 және 10 шақырымды құрады. 10 шақырымдық трассада спортшылар 50-ге жуық кедергіден өтті. Балалар үшін де жеке жарыс ұйымдастырылып, ең жас қатысушы шамамен бес жаста болды.
«Elite 10» санатында ерлер арасында ресейлік Дмитрий Горев 1:16:39 нәтижесімен жеңіске жетті. Қазақстандық Алмас Рахымбаев екінші, Әли Рахметов үшінші орын алды. Әйелдер арасында Анастасия Алексеева үздік атанды.
«Elite 5» санатында Қырғызстан өкілі Арсений Шашичев жеңіске жетсе, қазақстандық Дархан Сүйімбаев пен Әшім Жұмабеков жүлделі орындардан көрінді. Әйелдер арасында Олеся Грязнова бірінші келді. Командалық жарыста Sprint Club Almaty және Jaubasar Almaty жеңімпаз атанды.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жарыстар Алматы облысында спорттық және оқиғалық туризмнің дамуына да серпін береді.
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда жаңа Парламент — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

