Алматы облысында ерлер мен әйелдер арасында жүзуден Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV спартакиадасы аясындағы жарыстар басталды.
Салтанатты ашылу рәсімінде әр төрт жыл сайын өтетін бұл кешенді жарыстардың ауқымы кеңейіп, еліміздегі сурдлимпиадалық қозғалысты дамытуда маңызды рөл атқарып келе жатқаны атап өтілді.
«Есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы алғашқы спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында өтіп, оған бес спорт түрінен бақ сынаған 400-ге жуық спортшы қатысты. Биыл кешенді жарыстар спорттың 10 түрі бойынша ұйымдастырылып, еліміздің 20 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысуда. Олар 274 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қатысушылар саны артып, жарыс бағдарламасы кеңейіп, спортшылардың дайындық деңгейі де жоғарылап келеді. Спартакиада үздіктерді анықтап қана қоймай, болашақта Қазақстанның халықаралық аренада намысын абыроймен қорғайтын жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығының директоры Болатбек Дүкетаев.

Жарыстың негізгі бәсекелері Қарасай ауданындағы Қазақстан Республикасы Олимпиадалық даярлау орталығының жүзу бассейнінде өтуде. Мұнда жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған.
Алты күнге созылатын бәсекеде есту қабілеті бұзылған спортшылар жеке қашықтықтар мен эстафеталық жарыстарда медальдар үшін бақ сынайды. Әрбір жүзу – секундтар үшін тартыс қана емес, спортшылардың мінез-құлқын, табандылығын және жігерін сынайтын үлкен дода.
«Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 120-дан астам сурдожүзуші қатысуда. Спортшылар еркін жүзу, брасс, баттерфляй, арқамен жүзу, кешенді жүзу және эстафеталық жарыстар бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл жарыстар есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында өтетіндіктен, олардың ерекшеліктері ескеріліп ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ымдау тілі және арнайы старттық сигналдар қолданылады. Фавориттерге келер болсақ, олардың басым бөлігі Астана қаласы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының спортшылары», – деді жарыстың бас төрешісі Гүлмира Айғұжинова.
Алматы облысының намысын төрт спортшы – Елизавета Изверова, Алдияр Айткен, Әлихан Әділхан және Ролан Қожақов қорғауда. Сурдожүзуден аға жаттықтырушы Лариса Гунгердің айтуынша, команда елдегі басты ішкі жарысқа жақсы спорттық бабында келді.
«Спартакиадаға қатысу – біздің спортшыларымыз үшін өте маңызды кезең. Мұнда Қазақстанның үздік жүзушілері жиналған, сондықтан әрбір қашықтықта бар күш-жігерді жұмсау қажет. Алматы облысының командасы толыққанды дайындықтан өтті. Жігіттер мен қыздар өздерінің жеке нәтижелерін жақсарта алады деп сенеміз», – деді Лариса Гунгер.
Жарыста үлкен сенім артып отырғандардың бірі – Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер Елизавета Изверова. Жас болғанына қарамастан, спортшы есту қабілеті бұзылған жүзушілер арасында еліміздің үздіктері қатарынан көрініп жүр. 2025 жылы ол Қазақстан чемпионы атанған, биыл да жүлдегер басты үміткерлердің қатарында.
Спортшының айтуынша, әрбір жарыс шеберлігін шыңдап, спорттық жолда алға қарай тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында 50 және 100 метрге еркін жүзу, 100 метрге арқамен жүзу, 200 метрге брасс, 200 метрге баттерфляй бойынша, сондай-ақ ерлер, әйелдер және аралас эстафеталарда медальдар сарапқа салынды. Жарыстың жалпы қорытындысы 16 тамызда шығарылады.
Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV спартакиадасы еліміздің бірден үш өңірінде өтуде. Жарыстың ауқымды бағдарламасын Алматы облысы қабылдап отырған жүзу бәсекелері ашты. Сонымен қатар Алматы қаласында жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп жатыр. Келесі кезеңде қатысушылар Орал қаласында шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таэквондо, футбол, еркін және грек-рим күресінен бақ сынайды.

Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі

