Ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай республикамыздың түкпір-түкпірінде ұлы ақынның шығармашылығы жаңғырып, мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Облыс орталығы Қонаев қаласында да Абай ескерткішінің маңына жиналған жұртшылық ұлттың ұлы перзентін еске алып, оның ел руханиятындағы орнына тағы бір мәрте назар аударды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, хәкімнің мол мұрасын дәріптеуге арналған тағылымды басқосу өтті.
Жиынға Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, ақын-жазушылар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Тағылымды шарада алғаш болып сөз алған Қонаев қаласының әкімі Асхат Ермекұлы ақын мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызын атап өтті.
– Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Оның бай мұрасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін сарқылмас қазына, мәңгілік өнеге. Ұлы ақын ел болашағы білімді де саналы ұрпақтың қолында екенін айқын көрсетті. Сондықтан Абай мұрасын ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт, – деген қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Абай мұрасын елдің рухани жаңғыруының маңызды негіздерінің бірі ретінде үнемі атап келетінін алға тартты. Осы орайда Абайдың білім мен ғылымды, адал еңбекті, жауапкершілікті, елдік пен адамдықты ту еткен тағылымы еліміз үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Келесі құттықтау сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, ақын Ержан Тоқтар ұлы ойшылдың қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталды.
– Бүгін ұлт мәдениетінің бәйтерегі Абай Құнанбайұлының туған күнімен баршаңызды Қазақстан Жазушылар одағының атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қара сөздің иесі, қара өлеңнің киесі, руханиятымыздың алтын тәжі – Абай мұрасын дәріптеу, насихаттау – барша қазақтың басты міндеті, – деген Ержан Тоқтар Абай өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерін көңілге тоқып, әндерін асқақтата шырқап, оның шығармашылығының тереңіне бойлау қажеттігін атап өтті. Ақынның ойынша, Абай жұмбағының кілтін тауып, оның жандүниесін сезіне білу – қазақ мәдениетінің әлем мәдениетіне ашқан есігінің алғашқы баспалдағы.
Тағылымды шара барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қонаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Алтыншаш Жақиянова да ұлы ақынға арнаған жырын оқыды. Абай күніне арналған салтанатты шара түстен кейін Қонаев қалалық Мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда Мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Қонаев әуендері» ансамблінің қатысуымен «Абай аманаты» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Кеш шымылдығының ашылуы да көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сахнаға Абай бейнесінде шыққан әртіс ұлы ақынның қара сөзінен үзінді оқып, залдағы жұртты хәкімнің ой әлеміне жетеледі. Ән мен жыр астасқан кеш жиналған көпшіліктің көңілін тербеп, рухани әсерін еселей түсті.
Құралбек СӘБИТОВ
Қонаев қаласы

