Перейти к содержимому
Главная страница » Ақын мұрасы – ұрпаққа өнеге

Ақын мұрасы – ұрпаққа өнеге

Абай күніне орай Балқаш ауданы Топар ауылдық кітапханасында «Жүйріктен жүйрік озар» атты әдеби сайыс өтті. Рухани шара ұлы тұлғаның мол мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнер мен сөз өнерінің нәрін сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Шара шымылдығы Абайдың сырлы да сазды өлеңдерімен ашылып, жиналған қауымды әуезді поэзияның тұңғиық әлеміне жетеледі. Кеш барысында Топар ауылдық кітапханасының қызметкері Лаура Шалданбаева оқырмандарға ақынның өмір жолы мен бай шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесін таныстырып, асыл мұраның терең мән-мағынасын кеңінен түсіндірді.
Білім мен өнер жарысқан тартысты сайысқа Топар орта мектебінің 6-сынып оқушылары мен кітапхананың белсенді жас оқырмандары қатысты. Олар «Абай мұрасы» және «Парасат» атты екі топқа бөлінді. Әр топтың құрамында бес қатысушыдан өнер көрсетіп, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, олардың мән-мағынасын тереңнен талдады. Топардың жас дарындары өнерлерін ортаға салып, Абай сөзінің арада қанша жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сайыс қорытындысы бойынша білімділігі мен көркем мәнерлеп оқу шеберлігін танытқан «Абай мұрасы» тобы жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді. Сайысқа белсене қатысқан барлық оқушыларға арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген Абайдың тағылымды сөзі бүгінгі жас ұрпақ үшін де өз мәнін жойған жоқ. Ұлы ақынның шығармаларын насихаттауға арналған бұл шара оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетімізді тереңірек тануына жол ашты.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы