«Анаға құрмет» музейінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, мол мұрасын насихаттауға арналған «Көзімнің қарасы» атты тағылымды рухани-мәдени кеш өтті.
Кеш аясында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Құралай Камалиевамен «Құралайдың көзі…» жобасы аясында тұрғындармен тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар кештің құрметті қонағы – ҚР Мәдениет саласының үздігі Берекет Ермек көрерменге жүрек тербер әндерін тарту етіп, олардың ыстық ықыласына бөленді.
Ән мен жыр үндескен рухани кеште жиналған қауым Абайдың өлеңдерін тебірене оқып, қара сөздері мен тағылымды мұрасы жайында ой бөлісті. Бұл кеш – ұлт руханиятының темірқазығы болған хәкім Абайдың асыл мұрасын ұлықтап, оны кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымы мол басқосу болды. Кешке қатысқан әрбір жан ақын әлеміне тағы бір қадам жақындап, рухани азық алып, ерекше әсермен тарқасты.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген Абайдың өсиеті бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Осындай рухани кештер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттыруға, ұлы ойшылдың бай мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға қызмет ете беретіні сөзсіз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

