Балқаш аудандында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «ҚАУІПСІЗ ЖОЛ» жеке профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстары 10-12 тамыз аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өтуде. Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер анықталып, көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақылауға алынды. Құқық қорғау органдары қызметкерлері жаяу жүргіншілерге жол қауіпсіздігі ережелерін, балаларға жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қоса, көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы ақпараттар берілді. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн! Жылдамдықты асырмай, жаяу жүргіншілерге жол беру, рөлде телефон қолданбау, көлікті мас күйінде басқармау арқылы жол ережесін сақтай отырып, өз өміріңді және өзгелердің өмірін қорғайсың.
Алтынай СЕЙІТКЕН

