Отбасы – адам үшін ең жақын әрі қауіпсіз мекен болуы тиіс. Әр шаңырақта сыйластық, түсіністік пен өзара құрмет орныққанда ғана берік отбасы қалыптасады. Алайда отбасылық-тұрмыстық жанжалдың соңы кейде зорлық-зомбылыққа ұласып, оның салдары отбасы мүшелерінің өмірі мен психологиялық жағдайына кері әсер етеді.
Зорлық-зомбылық дегеніміз тек күш қолдану емес. Адамды қорлау, кемсіту, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, экономикалық тұрғыдан шектеу де – отбасындағы қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер. Әсіресе мұндай жағдайды балалардың көзі көруі олардың психологиясына ауыр әсер етуі мүмкін.
Сондықтан отбасындағы кез келген жанжалдың алдын алу маңызды. Ашуға бой алдырмай, мәселені сабырмен шешу, бір-бірінің пікірін тыңдау, отбасылық жауапкершілікті сезіну – тұрмыстық жанжалдың алдын алудың қарапайым, бірақ тиімді жолдары.
Мас күйінде жанжал шығару, отбасы мүшелерін қорлау немесе күш қолдану ешқашан ақталмайды. Мұндай әрекеттердің заң алдында жауапкершілігі бар. Құқық қорғау органдарының жұмысы тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмейді. Басты міндеттердің бірі – қауіптің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адам қиындықты жалғыз өткермеуі керек. Қажет болған жағдайда полицияға, әлеуметтік қызметтерге немесе Отбасын қолдау орталықтарына жүгінуге болады. Мұндай орталықтар қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге жәрдемдеседі.
Зорлық-зомбылыққа куә болған адамның да үнсіз қалмағаны жөн. Көршінің, туыстың немесе таныстың үйінен жанжалдың жиі шығатынын байқасаңыз, жағдайды елемей қою келеңсіз жағдайдың ушығуына әкелуі мүмкін.
Берік отбасы – мейірім мен сыйластықтан құралады. Баланың бақытты болуы, ата-ананың алаңсыз өмір сүруі, шаңырақтағы тыныштық – баршамызға ортақ құндылық.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Отбасындағы қауіпсіздік әр адамның құрметі мен жауапкершілігінен басталады.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ

