Егеменді еліміздің жаңа өзгерістерге бағыт алып, даму жолында тағы бір кезеңге қадам басуына санаулы күндер қалды.
23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауы мемлекетімізді кемел келешекке бастайтын жаңа бағыт деп сенемін. Себебі, Құрылтай дегеніміз – жаңа Конституция аясындағы саяси реформалардың бастауы.
Елдің ертеңін айқындайтын жарқын өзгерістерге қолдау білдіріп, болашағымызды бағдарлауға бір кісідей атсалысу әрбір азаматтың патриоттық міндеті деп ойлаймын. Сондықтан мұндай шешуші кезеңдерде жұрт болып жұмылып, белсенді іске үлес қосқанымыз жөн. Жалпы алғанда, «Құрылтай» сөзі біз үшін таңсық емес. Бұрынғы дәуірден сыр шертсек, мұндай алқалы басқосу ел тағдыры таразыға түскенде саналы шешім шығаратын жиын болса, тәуелсіз Қазақстанның Құрылтайы депутаттар ақылдасып, заңдар қабылданатын басты ортаға айналмақ.
Қазіргі таңда осы Құрылтай депутаттығына сайлану үшін елімізде 7 партия додаға түсуде. Әрбірінің ел болашағына бағытталған ұстанымы мен бағдарламалары бар. Кімнің аты озып, кімді халық таңдайтыны 23 тамызда белгілі болады. Ал осы сайлау науқанына қазір әр өңірде қызу дайындық жүруде. Біздің Қарасай ауданының жұртшылығы да саяси бастамаға оң көзқарастарын білдіруде. Сонымен қатар, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы да белсенді жұмыс атқарып, аудан аумағында сайлау учаскелерін сақадай-сай дайындауда. Бастысы халықтың ыңғайына қарай барлық жағдайдың қарастырылуында болып отыр.
Дидар ӨТЕМІСОВ, Қарасай аудандық
Қоғамдық келісім және даму орталығының бөлім басшысы

