Жамбыл ауданының Аққайнар ауылдық округіндегі Т.Бокин атындағы орта мектепте «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Татулыққа бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, медиацияның маңызын түсіндіру және ауыл тұрғындары арасында татулық пен өзара сыйластықты нығайту.
Кездесуге Жамбыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова, Қоғамдық келісім және даму орталығының аудандық бөлімінің басшысы Айман Кенженбаева, Алматы облысы бойынша кәсіби медиатор, заңгер Назарбек Игіліков, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Д.Шілдебаев, Аққайнар ауылдық округінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.Сәдуақасов және ауыл тұрғындары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығындағы рөлі, медиацияның дау-дамайды бейбіт жолмен шешудегі тиімділігі, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы халық даналығы мен үлкендердің өнегесінің қоғамдық тәртіп пен татулықты сақтаудағы маңызын жеткізді.
Шара соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп,сұрақ-жауап алаңында еркін ой алмасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

